Елде су тасқынына дайындық басталды

Фото: ТЖМ

АСТАНА. KAZINFORM — «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды. Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады. 

Елімізде «2026 жылғы көктемгі кезеңдегі су тасқыны жағдайының қолайсыз дамуында төтенше жағдайларды жою кезінде құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды дайындау және жүргізу» тақырыбында «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды.

Оқу-жаттығу 25-27 ақпан аралығында Азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің және халықтың көктем мезгілі жағдайындағы төтенше жағдайларды жоюға дайындығы мен қабілеттілігін арттыру, азаматтық қорғау қызметтері мен құралымдарының көктем мезгіліндегі ТЖ-ға ден қоюға дайындығын тексеру мақсатында өткізіледі.

Оқу-жаттығуды үйлестіру және басшылық ету республикалық штабы Астана қаласындағы ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару орталығының базасында орналасты.

Оқу-жаттығуға республикалық азаматтық қорғау қызметтері, орталық атқарушы органдар, жергілікті атқарушы органдар, авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары қатысады.

Оқу-жаттығу шеңберінде еліміздің түкпір-түкпірінде төтенше жағдайды жою жөніндегі іс-қимылдарды пысықтау бойынша командалық-штабтық жаттығулар, авариялық-құтқару қызметтерімен және азаматтық қорғау құралымдарымен практикалық іс-қимылдар өткізілетін болады.

— Оқу-жаттығу барысында «Баршаның назарына!» дабылы бойынша аумақтық деңгейдегі құлақтандыру жүйесінің дайындығы тексеріледі, 25 ақпанда сағат 11.00-де еліміздің өңірлерінде барлық сирена-сөйлеу қондырғысы мен электрсиреналары қосылды. Осыған орай тыныштық сақтап, үрейге бой алдырмауларыңызды сұраймыз, — делінген хабарламада.

Айта кетелік Алматыда 25 ақпанда дабыл сиреналары іске қосылатыны туралы жазған едік. Сонымен қатар су тасқыны бойынша нақты болжам 1 наурызда дайын болады. Биыл еліміздің 5 өңірінде су тасқыны қаупі жоғары.