Елде талқыланып жатқан жаңа заң жобаларында қолданыстағы заңдардың кемшіліктері ескерілуі керек - Н.Оразов

АСТАНА. Тамыздың 23-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Әділет министрлігінде Үкімет жанындағы заң жобалары қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.

Онда Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасындағы құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру шаралары туралы» Жарлығында көрсетілген міндеттерді заңнамалық қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Жиында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне телерадио тарату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жөнінде Ақпарат және байланыс вице-министрі Нұрай Оразов баяндама жасады. Оның айтуынша, телерадио тарату саласы бойынша қолданыстағы заңнамада «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Байланыс туралы», «Лицензиялау туралы», «Жарнама туралы» сияқты бірнеше заңдар көрініс тапқан. «Еуропа мен посткеңестік кеңістіктегі елдердің телерадио тарату саласындағы заңнамалық тәжірибесі де осы салаға қатысы бар бірнеше заңдармен реттелетіндігін көрсетті», деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінгідей ақпараттық технологиялардың қарыштап дамып отырған тұсында телерадио тарату жүйесінің көптеген бағыттары өз бетінше, стихиялы түрде дамыды. Бұрындары телерадио тарату жүйесі бір ғана бағытта дамыса, кейінгі жылдары эфирлік, кабельдік, спутниктік, сымды телерадио тарату жүйелері де жетіле бастады. Осыған қарай елде телерадио тарату операторлары да көбейді. «Осы ретте айта кететін мәселе «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» қолданыстағы заң ақпарат құралы бостандығының жалпы ұстанымдары мен телерадио тарату қызметін ұйымдастыру тетіктерін қарастырады. Алайда бұл тізімге телерадио таратудың қызмет түрлері мен ерекшеліктері кірмейді. Осы тектес мәселелер елде талқыланып жатқан заң жобаларының барысында ескерілуі керек», деді Н.Оразов.