Елде тегін скринингтен кімдер және қалай өте алады

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында 8 миллионнан астам скринингтік тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 150 мыңнан астам адам медициналық бақылауға алынды.

Фото: Алматы ӨКҚ

Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының мәліметінше, 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында глаукоманы анықтау мақсатында 1,74 миллион адам скринингтен өтті. Олардың шамамен 4,6 мыңы медициналық бақылауға алынды.

Дәрігерлер олардың денсаулық жағдайын қадағалап, бақылау тексерулерін жүргізеді және қажет болған жағдайда ем тағайындайды.

Басқа бағыттар бойынша да миллиондаған қазақстандық тексеруден өтті. Қант диабетін анықтауға арналған скринингпен 1,66 миллион адам қамтылып, олардың шамамен 30,7 мыңы медициналық бақылауға алынды. Артериялық гипертензия мен жүректің ишемиялық ауруын анықтау үшін 1,47 миллион адам тексерілді. Олардың 97 мыңы медициналық бақылауға жіберілді.

Ми қан айналымының бұзылуын ерте анықтауға арналған скринингтен 281 мың адам өтті. Оның ішінде 14,2 мыңы медициналық бақылауға алынды.

Скринингтік бағдарламаның тағы бір маңызды бағыты – онкологиялық ауруларды ерте анықтау. Сүт безі обырына 1,09 миллионнан астам әйел, жатыр мойны обырына 777 191 әйел тексерілді.

Колоректалдық обырды анықтауға арналған скринингпен 1,35 миллион адам қамтылды.

Тексеру нәтижесінде сүт безі обырының 2 037, жатыр мойны обырының 374 және колоректалдық обырдың 601 жағдайы анықталды.

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда глаукоманы анықтау скринингінің қамту көрсеткіші 81%-дан 91,2%-ға, ал қант диабетін анықтау көрсеткіші 79,4%-дан 84,2%-ға өсті.

Артериялық гипертензия мен жүректің ишемиялық ауруын анықтау бойынша көрсеткіш 84,8%-дан 79,7%-ға төмендеді.
Қазақстанда скринингтік бағдарламалар да кеңейтіліп келеді. 2025 жылы бірқатар тексеру түрлері бойынша жоғарғы жас шегі 76 жасқа дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ 50–76 жас аралығындағы ерлер үшін ми қан айналымының бұзылуын ерте анықтауға арналған скрининг енгізілді.

Скрининг аурудың белгілері пайда болмай тұрып, оның ықтимал белгілерін анықтауға мүмкіндік береді. Егер тексеру нәтижелері қосымша нақтылауды қажет етсе, азаматтар тереңдетілген тексеруге жіберіледі.

Сондықтан нысаналы топқа кіретін азаматтар денсаулығына шағымы болмаса да, скринингтен уақытылы өткені маңызды.
Тексеруден тіркелген емхана бойынша тегін өтуге болады. Ал жұмыс істейтін азаматтарға осы мақсатта күнтізбелік жыл ішінде жұмыс орны мен орташа жалақысы сақтала отырып, үш жұмыс күніне дейін әлеуметтік демалыс беріледі.

2027 жылғы қаңтардан бастап емханалар азаматтарды тексеруге цифрлық денсаулық сақтау сервистері, телефон байланысы және басқа да арналар арқылы қосымша шақыра алатынын айта кеткен жөн.

Биылғы 19 қазаннан бастап Ақмола облысында, Абай және Ұлытау облыстарында 1414 нөмірі арқылы скринингтен өту қажеттігі туралы SMS-хабарламалар жіберу пилоттық жобасын іске қосу жоспарланған.