Кәсіпорын басшылары өндірістің қазіргі жағдайы, өндірістік қуаттардың жүктелуі және одан әрі даму жоспарлары туралы баяндады. Кәсіпорындарды тұрақты әрі ұзақмерзімді тапсырыстармен қамтамасыз етуге, өндірісті дамытуға, қазақстандық қамту үлесін арттыруға баса назар аударылды.
Нұрлыбек Нәлібаев отандық вагон жасауды өнеркәсіптік кооперация негізінде жүйелі түрде дамыту, шикізат пен материалдарды жеткізушілерден бастап құрамдауыштар өндірушілері мен сервистік компанияларға дейінгі тұрақты өндірістік тізбекті қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Вагон жасау саласының негізгі кәсіпорындарының айналасында өнеркәсіптік кластер қалыптастыру қажеттігі атап өтілді. Бұл тәсіл құрамдауыштар мен жартылай фабрикаттарды өндірушілерді, материалдар жеткізушілерін, сервистік компанияларды, ғылым мен білім беру ұйымдарын біріктіруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, өндіріс көлемі ұлғайып, саланың бәсекеге қабілеттілігі артады.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары теміржол саласының қажеттіліктерін қамтамасыз ету кезінде қазақстандық кәсіпорындардың әлеуетін барынша пайдаланудың қажеттігін атап өтті. Отандық өндірісті дамыту импорттық өнімге тәуелділікті азайтып, елдің өндірістік базасын нығайтуға мүмкіндік береді.
Кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен мүдделі ұйымдарға отандық вагон жасауды одан әрі дамыту, қазақстандық қамту үлесін арттыру және өндірістік кооперацияны кеңейту жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.
Айта кетелік ҚТЖ 2027 жылдың соңына дейін 131 жолаушылар вагонын сатып алады.