Елде вагон жасау саласында жаңа өндірістер іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда вагон жасау саласын дамытуға бағытталған бірнеше өндірістік жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.

Фото: Көлік министрлігі

Министрдің айтуынша, өткен жылы Астанада жылына 100 жолаушылар вагонын шығаратын «Stadler Kazakhstan» зауыты іске қосылды.

— Кәсіпорын 2030 жылға дейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына 557 вагон жеткізеді. Биыл жаңа жолаушылар вагондары пайдалануға берілді, — деді Ерсайын Нағаспаев.

Сондай-ақ министр негізгі жобалардың бірі ретінде «ЗИКСТО» зауытында жолаушылар вагондарын өндіруді атады. Кәсіпорынның жылдық қуаты шамамен 200 вагон.

2026–2027 жылдары өндірісті жаңғырту және қуатты арттыру үшін құны 24 млрд теңге болатын жоба іске асырылады. Нәтижесінде 470 жаңа жұмыс орны ашылып, жергіліктендіру деңгейі өседі.

Өткен жылы Атырау облысында жылына 6 мың жүк вагоны мен цистерна шығаратын зауыт іске қосылды. Қазір кәсіпорын сертификаттаудан өтіп жатыр, биыл алғашқы 70 вагонды шығаруды жоспарлап отыр.

Министрдің айтуынша, бұл жобалар саланың өндірістік әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының вокзал инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында республика бойынша 124 вокзалды жаңғырту жұмысы басталған болатын.