Елде вакцинация кестесі өзгереді: балалар мен жасөспірімдерге жаңа екпелер енгізіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінгі таңда бірінші кезең шеңберінде 11-13 жас аралығындағы 149,3 мыңнан астам қызға вакцина салынды, 90 мыңға жуық жасөспірім вакцинаның екінші дозасын алды, өткен жылдың қыркүйегінен бастап барлығы АПВ-ға қарсы 238,2 мың профилактикалық егу жүргізілді.
— Барлық вакцина алған жағдайлардың арасында қолайсыз жағымсыз реакциялар тіркелген жоқ. Вакцина қауіпсіз, жақсы төзімді және алдын алудың тиімді әдісі ретінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынады.
АПВ-ға қарсы вакцинациялау бағдарламасының негізгі мақсаты — әйелдерді АПВ тудыратын ең көп таралған ауру болып табылатын жатыр мойны обырынан, сондай-ақ гениталий кондиломаларын, анус пен жыныс мүшелерінің обырын қоса алғанда басқа да онкологиялық аурулардан қорғау, — делінген ДСМ хабарламасында.
АПВ вакцинациясының ауыртпалығы мен тиімділігін ескере отырып, 147 ел бұл вакцинаны өздерінің ұлттық иммундау бағдарламаларына енгізді және әлемнің 76 елі АПВ-ға қарсы қызды да, ұлды да вакцинациялайды.
Контингенттің кеңеюі жалпы халық арасында АПВ-ның таралуының төмендеуіне ықпал етуі мүмкін, осылайша осы вирусқа байланысты онкологиялық аурулардың даму қаупін азайтады.
— Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі 11 жастағы ұлдарды қоса алғанда, АПВ вакцинациясымен қамтуды кеңейтуді жоспарлап отыр.
Бұдан басқа, Қорғаныс министрлігінің бастамасы бойынша мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді менингококк инфекциясына қарсы вакцинациялауды енгізу жоспарланып отыр. Бұл контингент инфекциялық аурулармен сырқаттанушылық бойынша жоғары қауіп тобын білдіреді және эпидемиологиялық тұрғыдан ең осал, өйткені әскери қызмет жоғары физикалық және психологиялық жүктемелермен, ұжымдық тұрумен және тығыз байланыстармен, жиі іссапарлармен және далалық шығулармен байланысты, — делінген министрлік хабарламасында.
Сонымен қатар, елде халықты иммундау жөніндегі сарапшылардың Ұлттық техникалық консультациялық тобының ұсынымдарына сәйкес 1 жасқа дейінгі балаларға көкжөтелге, дифтерияға, сіреспеге, В типті гемофильді инфекцияға, полиомиелитке және «В» вирустық гепатитіне қарсы вакцинациялау кестесін өзгерту және 16 жастағы жасөспірімдерге, сондай-ақ, жүкті әйелдерді эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша ерікті негізде көкжөтелге қарсы вакцинациялауды енгізу жоспарланып отыр.
Вакцинациялануға жататын контингенттің кеңеюі аурудың ауыр ағымының, асқынулардың, вакцинамен басқарылатын инфекциялардан, соның ішінде көкжөтелден, АПВ-ға байланысты онкологиялық аурулардан болатын өлімнің қаупін барынша төмендетеді.
Айта кетелік 158 мыңға жуық нәрестеге туберкулезге қарсы вакцина салынған еді.