Елде заңсыз шығарылған активтерді қайтару тетігі күшейтілді

Фото: Бас прокуратура

АСТАНА. KAZINFORM — Бас прокурор 2026 жылғы 6 қаңтардағы бұйрығымен Бас прокуратураның Активтерді қайтару қызметі туралы ережені бекітті.  

Активтерді қайтару қызметі - Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының құрылымдық бөлімшесі.

Қызмет құрамына мыналар кіреді:

— Мониторинг, талдау және тексерулер басқармасы;
— Активтерді қайтару шаралары басқармасы;
— Бас прокурордың аға көмекшісі (ұйымдастыру-бақылау жұмыстары);
— Бас прокурордың көмекшісі (халықаралық байланыстар жөніндегі).

Қызметтің негізгі міндеттері:

— «Мемлекетке заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы» заңда көзделген өкілеттіктер шегінде заңсыз алынған активтерді анықтау және мемлекетке қайтару;
— Заңсыз иемденілген, оның ішінде шетелге шығарылған активтерді мемлекетке қайтаруға бағытталған шараларды жүзеге асыру;
— Активтерді қайтару саласында халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты дамыту;
— ҚР заңнамалық актілеріне және Президент актілеріне сәйкес өзге де міндеттерді орындау.

Қызметтің функциялары:

— Мемлекет атынан және оның мүддесі үшін активтерді қайтару жөніндегі қызметті жүзеге асыру;
— Заңсыз иемдену мен активтерді шығаруға қарсы іс-қимыл жасау және оларды қайтару мақсатында ақпаратты мониторингтеу, талдау, жинау, өңдеу, жүйелеу және бағалау;
— Қайтаруға жататын активтерге аудит жүргізу және бағалау, оның ішінде үшінші тұлғаларды тарту арқылы;
— Активтердің заңды жолмен алынғанын (шығу тегін) тексеру;
— Мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, квазимемлекеттік сектор субъектілерінен және лауазымды тұлғалардан заңнамада белгіленген тәртіппен ақпарат пен материалдар сұрату;
— Заңда көзделген әлеуетті субъектілерге және олардың аффилиирленген тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерулерді тіркеу және (немесе) жүргізу;
— Активтерді ерікті түрде қайтару туралы жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау және олар бойынша шешім қабылдау;
— Мүлікті тәркілеу және активтерді қайтару жөніндегі халықаралық тәжірибені зерделеу;
— Активтерді қайтару нәтижелерінің заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету;
— Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссияның тиімді қызметін қамтамасыз ету;
— Конституциялық заңдарда, заңдарда, Президент пен Бас прокурордың актілерінде көзделген өзге де функцияларды орындау.

Қызметке жүктелген міндеттер мен функциялардың орындалуына жеке жауапкершілік қызмет басшысына жүктеледі.

Қызметтегі жалпы және құпия іс жүргізу прокуратура органдарындағы құжат айналымы қағидаларына және құпиялық режимін қамтамасыз ету жөніндегі ұйымдастыру-өкімдік актілерге сәйкес жүзеге асырылады.

Аталған бұйрық 2026 жылғы 6 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді

Айта кетейік, заңсыз активтерді елге қайтару арқылы әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру — конъюктура не болмаса жұртқа жағу үшін жасалған саяси науқан емес. Бұл туралы «Turkistan» газетіне сұхбат берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан еді.