Қазақстанда тұрғын үй құрылысы көлемін ұлғайту және азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғасып келеді. Биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша 9,7 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 92,3 мың тұрғын үй пайдалануға берілді.
— Биылғы жоспар — 20,4 млн шаршы метр тұрғын үй немесе шамамен 188 мың тұрғын үй. Осылайша, бүгінгі таңда жылдық жоспардың 47,5%-ы орындалды, — делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Жаңа тұрғын үй салумен қатар, азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету шаралары да жүзеге асырылып жатыр.
— Биыл 155,5 млрд теңгеге 12 мың кредиттік тұрғын үй пәтерін салу және сатып алу көзделген. Сонымен қатар 269 млрд теңгеге 13,5 мың жалға берілетін тұрғын үй пәтерін сатып алу жоспарланған, — делінген хабарламада.
Жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларын іске асыру жалғасып келеді.
— Жыл басынан бері азаматтарға 2-5% мөлшерлемемен жалпы сомасы 72,7 млрд теңгеге 5,1 мың несие берілді. Сондай-ақ «Наурыз» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 339,2 млрд теңгеге 11,5 мың қарыз берілді, — деп түйіндеді министрлік.
Осыған дейін елімізде құрылыс жұмыстары 15,3%-ға өскенін жазғанбыз.