- Қазақстанның цифрлық бастамалары AI-экономиканың әлемде қалыптасқан құрылымына сәйкес келеді. Бес деңгей бойынша жобалар іске қосылып, жүзеге асырылып жатыр. Осылайша, AI-экономиканың барлық құрамдас бөлігі «Digital Qazaqstan» стратегиясында қамтылған. Стратегияны іске асыруға тоқталайын. 20 негізгі бағыт айқындалды. Олар азаматтарды, бизнесті, мемлекеттік аппарат пен өңірлерді қамтиды. Сонымен қатар цифрлық мемлекет құруға қажетті негізді қалыптастыру көзделген. Осы бағыттарды уақытылы іске асыру үшін бірінші басшылардың дербес жауапкершілігі белгіленгенін атап өту қажет, - деді Ж.Мәдиев.
Оның айтуынша, мемлекеттік қызметтердің цифрлық экожүйесінің негізі – QazTech платформасы. Цифрлық жүйелерді көшіру бойынша биылғы жоспар 92%-ға орындалды. QazTech мемлекеттік сервистер мен деректерді бірыңғай цифрлық платформада біріктіреді.
- Бұл «Өмір жолы» қағидатына көшуге негіз болады, яғни қызметтер проактивті түрде, азаматтардың өміріндегі маңызды жағдайларға сәйкес көрсетіледі. «Әлеуметтік әмиян» проактивті әлеуметтік қолдау көрсетуді қамтамасыз етіп, 3 миллион пайдаланушыны қамтиды. e-Otinish-тегі жасанды интеллект көмегімен 3,2 миллионнан астам өтініш өңделді. eGov GPT арқылы 51 қызмет қолжетімді. Жыл соңына дейін жалпы трафиктің 80%-ын құрайтын ең сұранысқа ие 150 қызмет қамтылады. 2028 жылға қарай жасанды интеллект негізіндегі қызметтердің үлесін 40%-ға жеткізу, ал 2029 жылға қарай қызмет алу уақытын екі есе қысқарту көзделген, - деді министр.
Айта кетейік, жақында QazTech, Ұлттық ЖИ платформасы және Digital Qazaqstan туралы жазған едік.