Елдегі 110 мектепке Финляндияның буллингке қарсы бағдарламасы енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында келер оқу жылында бірнеше мектепке буллингке қарсы жаңа бағдарлама енгізілетінін айтқан.

Фото: Pexels

«Сонымен қатар, кешенді жоспар аясында 110 мектепте пилот ретінде Финляндияның буллингке қарсы «Kiva» бағдарламасын енгізу жоспарланып отыр. «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының базасында 5 халықаралық сертификатталған жаттықтырушы даярланды, 8 мыңға жуық педагог және бағдарламаның 332 үйлестірушісі оқытылады» деп жазылған Т.Дүйсенованың жауабында.

Бұл бағдарлама жаңа оқу жылынан бастап пилоттық режимде енгізілмек. 

«Осы бағдарлама аясында педагог-психолог тоқсан сайын әрбір сыныппен буллингке қарсы 1 сағаттан сабақ өткізеді» деп жазады вице-премьер.