Президент жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясында ұйымдастырылған конгреске 35-ға жуық елден 1 мыңнан астам жас ғалым қатысты. Ғылыми әлеуетті нығайтуға және халықаралық зерттеу ынтымақтастығын дамытуға бағытталған іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына және Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдық мерейтойына арналды.
Конгресс ашылуында Президент жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев іс-шараның мақсаты - жас ғалымдарға ортақ алаң қалыптастыру, тәжірибелі ғалымдар мен жас зерттеушілер арасындағы байланысты нығайту, ұлттық ғылыми мектептерді дамыту және шетелдік жетекші ғалымдар мен отандық жас ғалымдардың интеграциясын арттыру екенін атап өтті.
- Биылғы конгресс жұмысына 1 мыңнан аса жас ғалым, соның ішінде әлемнің 35 елінен зерттеушілер қатысып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның болашағында жас зерттеушілердің орны ерекше екенін үнемі атап келеді. 2025 жылғы мәлімет бойынша елімізде ғалымдар саны 28 мыңнан астам адамды құраса, оның жартысына жуығы яғни 48%-ы жас ғалымдар. Бұл жас ғалымдарды қолдау саясатының нәтижесі деп айтуға болады, - деді ҰҒА президенті.
Оның айтуынша, академия елдегі ғылыми басымдықтарды айқындаудың 4 деңгейлі моделін әзірлеген. Оған қазіргі экономикалық сұранысқа сай технологиялық міндеттер, болашағы зор зерттеу бағыттары және жаңа құзыреттерді дамыту жатады. Оған қоса, зерттеуді нақты нәтижеге жеткізу үшін қолданбалы ғылым тұжырымдамасы әзірленген.
- Ол жақында қабылданған Қазақстан Республикасының 2026–2030 жылдарға арналған инновацияларды дамыту тұжырымдамасына енгізілді. 2027 жылдан бастап су ресурстары, сейсмикалық қауіпсіздік, стратегиялық минералдар, энергетикалық материалдар, және автомобиль жолдары технологиялары бойынша бағдарламаларды іске қосу жоспарланған, - деді Ақылбек Күрішбаев.
Сондай-ақ ол өңірлік ғылымды дамытуға басымдық берілетінін атап өтті. Айтуынша, ғылымға бөлінетін қаржының 70%-ы, ғылыми қызметкерлердің 60%-ы Алматы мен Астанада шоғырланған.
- Бұлай ғылымды дамыту мүмкін емес. Осы орайда, «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» бастамасы аясында аймақтарда академия Президиумының көшпелі отырыстары өтіп, онда әкімдіктермен және бизнес өкілдерімен бірлесіп, өңірлердің басым міндеттері айқындалды, - деді ҰҒА президенті.
Ертең конгресс жұмысы Алматы қаласындағы алты жоғары оқу орнының базасында ұйымдастырылатын тақырыптық ғылыми конференциялармен жалғасады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда Орталық Азия ғалымдарына арналған цифрлық платформа әзірленді.