Елдегі алимент борышы 18 млрд теңгеге жеткен
АСТАНА. KAZINFORM — 2024 жылы алимент борышы бойынша қозғалған сот істерінің саны 12 мыңнан асып, балалар алдындағы берешек 17 млрд теңгеге жеткен.
— Алимент өндіріп алуға қатысты әлеуметтік маңызды істер санатына ерекше назар аудару керек. Себебі, 2024 жылдың қорытындысы бойынша осы саладағы проблемалы іс жүргізу саны 12 мыңнан асып, балалар алдындағы берешегі шамамен 17 млрд теңгеге жеткен, — деді Мәжіліс төрағасының орынбасары Дәния Еспаева Үкімет сағатында.
Ал депутат Снежанна Имашева бұл сома биыл 18 млрд теңгеге жеткенін айтты.
Дәния Еспаеваның сөзінше, сот орындаушыларының жұмысына шағымдардың саны азаймай отыр.
— Тұрғындар көбінесе сот орындаушысының әрекетсіздігіне, құқықтарының бұзылатынына, тиесілі қаражаттың уақытында аударылмайтынына наразы. Әділет министрлігінің деректері бойынша өткен жылдың өзінде шағымдар саны 2 есеге артып, 89 мыңнан асқан. Сонымен қатар соңғы екі жылда соттарға берілген шағымдардың саны 17 мыңға жеткен. Мұндай шағымдар депутаттардың атына да көп келеді, — деді ол.
Әділет министрлігінің дерегі бойынша, елімізде 272 мың еркек, 11 мың әйел баласына алимент төлеуден жалтарып жүр.