Елдегі диқандардың 12 пайызы гектарына 7-8 центнерден ғана өнім алған

Фото: «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ

АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында елдегі диқандардың егін жинау көрсеткіші әлі де болса ала-құла екенін мәлім етті.

- Негізгі астық өндіруші өңірлерде жүргізілген талдау агротехнологияларды сақтау мен өнімділік арасында тікелей байланыс бар екенін көрсетті. Мысалы, барлық шаруашылықтың шамамен 60%-ы гектарынан 15–30 центнер өнім алса, ал 8%-ы 30 центнерден аса өнім жинады. Осылайша, республика бойынша орташа өнімділік гектарынан 17 центнер деңгейінде қалыптасып, өткен жылмен салыстырғанда 5%-ға жоғары болды. Дегенмен шаруашылықтардың шамамен 12-пайызында өнімділік әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Әр гектардан 7-8 центнер өнім ғана алған, - деді ол.

Айдарбек Сапаров бұл шаруашылықтар агротехнологияны жоғары деңгейде қолданбаса көштен қала беретінін айтады.

- Осыған байланысты әкімдіктер 2028 жылға дейін ауыл шаруашылығы жалпы өнімін екі еселеу жөніндегі Жол картасының көрсеткіштеріне жету үшін фермерлерді технологияны сақтауға ынталандыру жұмыстарын күшейтуі тиіс, - деді ведомство басшысы.

Айта кетейік, Үкімет бүгін егін жинау науқанын қорытындылап, спорттық инфрақұрылымды дамыту мәселесін пысықтап жатыр.