Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, жаңа мәртебе архивтердің Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын сақтаудағы маңызын айқындайды. Сондай-ақ құжаттарды сақтау, олардың қолжетімділігін қамтамасыз ету, архив қорларын цифрландыру және тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізу бағытындағы рөлін көрсетеді.
Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві 1921 жылы құрылған. Онда еліміздің әр кезеңдегі тарихына, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына, ұлттық мәдениет пен ғылымның дамуына қатысты бірегей құжаттар сақталған. Архив қорында көрнекті тұлғалардың өмірі мен қызметіне қатысты құнды деректер де бар. Бүгінде мекеменің 2 309 қорында 1,3 миллионнан астам сақтау бірлігі жинақталған.
Ал Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві 2006 жылы құрылған. Мекеме еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму тарихына қатысты құжаттарды жинақтау, сақтау және пайдалануды қамтамасыз етеді. Архив материалдары мемлекеттік органдарға, зерттеушілер мен азаматтарға қолжетімді.
Қазір Ұлттық архивтің 311 қорында 405 589 сақтау бірлігі бар. Сонымен қатар мекеме 278 мемлекеттік органмен және ұйыммен байланыс орнатып, олардың архив құжаттарын қабылдау және сақтау жұмысын жүргізеді.
Еске салайық, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Құрылтай депутаттарының «Таза үй – Таза ел» жобасына ұлттық мәртебе беру ұсынысына жауап берген еді.