Оның айтуынша, 2025 жылы энергияны ең көп тұтынатын он кәсіпорын жиынтық есеппен 34 миллион тонна шартты отын тұтынған.
— Он ірі тұтынушының үлесіне елдегі жалпы энергия тұтынудың шамамен 30%-ы тиесілі. Сондықтан ірі тұтынушылармен жұмыс істеу экономиканың жалпы энергия сыйымдылығын төмендетудің негізгі тетіктерінің бірі саналады. Ірі тұтынушылар арасында энергетика саласының үлесі — 44,7%, өнеркәсіптің үлесі — 42,4%, ал мұнай-газ саласының үлесі — 12,9%, — деді спикер.
Қазір энергияны көп тұтынатын кәсіпорындар Мемлекеттік энергетикалық тізілім арқылы бақыланады. Тізілімге жалпы 22 мыңнан астам кәсіпорын мен ұйым енгізілген. Оның ішінде жылына кемінде 50 мың тонна шартты отын тұтынатын ірі кәсіпорындар үшін энергия тиімділігінің нысаналы көрсеткіштері белгіленген.
Сондай-ақ энергияны ең көп тұтынатын 106 кәсіпорынның 53-і өнеркәсіп саласына тиесілі. Оның 30-ы өңдеу өнеркәсібінде, 23-і тау-кен металлургия кешенінде жұмыс істейді.
— Он ірі тұтынушы энергия үнемдеу жөніндегі жоспарланған шараларды іске асырса, 1,6 миллион тоннадан астам шартты отынды үнемдеуге мүмкіндік бар. Бұл шаралар толық жүзеге асқан жағдайда Қазақстан экономикасының энергия сыйымдылығы 1,5%-ға төмендеуі мүмкін, — деді Олжас Әлібеков.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан 2029 жылға қарай экономиканың энергия сыйымдылығын 10%-ға төмендетуді жоспарлағаны хабарланды.