Елдегі қолма-қол ақша көлемі 4,7 трлн теңгеге жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдегі қолма-қол ақшасыз төлемдер нарығына қатысты аналитикалық материал жариялады.
Қауымдастық деректеріне сәйкес, есепті кезеңде қолма-қол ақшасыз карточкалық транзакциялар көлемі 186 трлн теңгеге жетті. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 13%-ға артық. Көрсеткіш жалпы ішкі өнімнің 187%-ына тең болды.
Талдауда өсімнің макроэкономикалық және құрылымдық факторлармен байланысты екені атап өтілген.
— Бөлшек сауда көлемі 7,5%-ға өсіп, 26,4 трлн теңгені, ал көтерме сауда 9,5%-ға артып, 53,5 трлн теңге болды. Онлайн-банкинг пайдаланушыларының саны 25,9 млн-нан 34,3 млн адамға дейін көбейген. Сауда кәсіпорындарының саны 886,6 мыңнан 944,9 мыңға дейін ұлғайды. Бұл қолма-қол ақшасыз есеп айырысулардың одан әрі кең таралуына ықпал етті, — делінген қауымдастықтың талдауында.
Сонымен бірге қолма-қол ақшасыз операциялардың үлесі 87,2%-ға дейін артты. 2024 жылы бұл көрсеткіш 86,7% болған.
2025 жылы айналыстағы қолма-қол ақша көлемі 4,7 трлн теңгеге жетті. Бұл 2024 жылғы 4,4 трлн теңгемен салыстырғанда 8,6%-ға жоғары.
Орта есеппен әрбір қазақстандыққа шаққанда 232 мың теңге қолма-қол ақша тиесілі. 2024 жылы бұл көрсеткіш 216 мың теңге болған. 2025 жылы банкоматтар арқылы 27,3 трлн теңге көлемінде қолма-қол ақша алынған. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 25,4 трлн теңге еді. Өсім 8% болды.
Қолма-қол ақша алудың жалпы өсімінің 83%-ы Алматы қаласына (+1,2 трлн теңге), Астанаға (+217 млрд теңге) және Шымкент қаласына (+154 млрд теңге) тиесілі.
Есепті жылы қолма-қол ақшасыз төлемдер құрылымында QR-төлемдердің үлесі 9,8%-дан 10,3%-ға дейін артты. POS-терминалдар арқылы төлем жасау үлесі 9,5%-дан 9,6%-ға дейін өзгерді. Интернет-төлемдердің үлесі 80,7%-дан 80,0%-ға дейін төмендеді.
Сонымен қатар банкомат арқылы қолма-қол ақша алатын азаматтарға қатысты деректер базасы құрылмайтынын жазғанбыз.
Айта кетейік, Тәжікстанның ұлттық банкі өткен жылы елде қолма-қол ақшасыз жасалған операциялар саны өсіп, 2024 жылмен салыстырғанда олардың саны 47% жеткенін жазғанбыз.