Жиын барысында елордада 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй қорындағы реновация бағдарламасына өзгеріс енгізу, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар үшін Қазақстан Тұрғын үй компаниясы желісі бойынша жалға берілетін баспананы сатып алу ережесін түзету тақырыбы қаралды.
- Жалпы құрылыс көлемінің 25 пайыздан астамы елордада жүзеге асып жатыр. Сондықтан Қазақстан Тұрғын үй компаниясымен өзара іс-қимыл тәртібінде жұмыс істеу маңызды. Атап айтқанда, 1 қыркүйектен бастап үлестік құрылысқа қатысу және тұрғын үй саласындағы іс-шараларға қатысты тиісті заңдағы түзетулер күшіне енеді. Реновации бағдарламасы жергілікті атқарушы органдармен және олардың тұрғын үй саясатымен реттелетінін ескеру маңызды, - деді Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының құрылыс мәселесіне арналған салалық кеңесінің төрағасы Вячеслав Лазарев.
Оның пайымынша, үлестік құрылысты қаржыландыру тетігін қайта қарастыру қажет. Сондықтан алдағы уақытта осы салаға мән берген жөн.
Еске салсақ, биыл маусым айында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, автомобиль жолдары және мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.
Түзетулердің бірінші блогы үлестік құрылыс процестерінің заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуге, үлескерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған.