Мал азығын дайындау: шаруалар қысқа қалай қамданып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Көзді ашып-жұмғанша жаз бітіп, күздің де алғашқы айы өтті. Қазір өңірлерде төрт түліктің қысқы жем-шөбін қанымдау жұмысы қызу жүріп жатыр. Бүгінде ел бойынша қанша тонна жем-шөп жиналды? Бағасы қаншадан? Kazinform тілшісі анықтап көрді.

Коллаж: Kazinform / ИИ

Елде жемшөп дайындау науқаны әлі де жалғасып жатыр. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің соңғы деректеріне сәйкес, республика бойынша 38,7 млн тонна мал азығы дайындалған. Бұл жоспарланған көлемнің 93,7 пайызы.

Бүгінде 26,4 млн тонна шөп, 2,3 млн тонна пішендеме, 2,3 млн тонна сүрлем, 4,3 млн тонна сабан және 3,4 млн тонна құрама жем дайындалды. Өңірлер арасында мал азығын дайындау көлемі бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр.

Коллаж: Kazinform / ИИ

Шөбі шүйгін, малы қоңды: Қостанайда қысқа дайындық қалай жүріп жатыр

Мал жайылымы мол өңірдің бірі – теріскейде. Солтүстіктің құнарлы шөбі биыл да бітік шыққан. Мысалы, Қостанайда 1 115,5 мың тонна шөп дайындалды. Бұл жылдық қажеттілікті толық өтейді. Ал облыста шөптің орташа бағасы тоннасына 22 100 теңгені құрайды.

- Биыл негізгі жемшөп түрлерін дайындау жоспары бекітілді. Оған сәйкес 1 млн 108,6 мың тонна шөп, 229,3 мың тонна пішендеме, 598,6 мың тонна құнарлы жем, 158,5 мың тонна сүрлем және 561,2 мың тонна сабан дайындау көзделген. Қазір жемшөп дайындау жұмыстары бекітілген кестеге сай жалғасып жатыр. Қалыптасқан қор мен алдағы дайындалатын жемшөп көлемі қысқы кезеңде мал басын қажетті азықпен толық қамтамасыз етуге жеткілікті, - деп хабарлайды облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы.

Қостанай облысында 405,2 мың бас ірі қара бар. Оның 213,2 мыңы – сиыр. Сонымен қатар өңірде 186,5 мың жылқы және 468,7 мың қой-ешкі өсіріледі. Осынша малды қысқы азықпен қамту жаз бойы жиналған шөп пен жемге байланысты.

Мал азығын дайындау жұмысы облыстың 16 ауданы мен 4 қаласында жүріп жатыр. Бірі шабындықтағы шөпті шауып, бірі қыстық қорын түгендеп әлек. Әулиекөл ауданында да науқан қызу. Мұнда 49 шаруа қожалығы жемшөп дайындауға кіріскен.

Фото: Ернұр Сағындықовтың жеке мұрағатынан

Екі мың гектардан мал азығын дайындаған шаруа

Әулиекөл аудандық «Ермағамбетов» шаруа қожалығының қысқа дайындығы көңіл көншітеді. 200 жылқы мен 500 қойдың қорасы сақадай сай тұр, жем-шөбі де жеткілікті. Себебі шаруашылық 2 мың гектар алқапта мал азығына қажетті түрлі шөп өсіреді. Оның ішінде еркекшөпте (житняк), жусан да бар. Жиналған өнімнің жартысын шаруашылық өз қажетіне қалдырса, қалғанын сатады. 

- Биылғы маусымда малымызға азық ретінде 700 орам шөп жинадық. Сонымен қатар төртбұрышты тығыздау арқылы 7 мың тең (тюк) дайындадық. Ал қалғанын саттық, - дейді Ернұр Сағындықов.

Фото: Ернұр Сағындықовтың жеке мұрағатынан

Қожалық иесі Дулат Ермағамбетов ширек ғасырдан бері ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп келеді. Ол егістіктен жиналған шөпті қыстық азық ретінде дайындап, төрт түлігін өсіреді. Қоңды малын сатады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруашылыққа қажетті техникасы да түгел. Ал бүгінде әке кәсібін ұлы Ернұр жалғастырып отыр.

Шөптің артылғанын шаруашылық жыл сайын сатады. Тіпті тапсырыс жаз басталмай жатып-ақ түседі екен. Теріскейдің шөбі шүйгін болғандықтан, оны алушылар да алдын ала қамданады. Биыл қожалық 300 келілік бір орам шөпті 5 мың теңгеден саудалаған.

- Бір тең шөптің салмағы – 20 келі. Ол 500 теңгеден сатылды. Жаз соңына қарай бағасы төмендеді. Бір теңі 400-350 теңге болды. Күзге қарай шөп сарғайып, сапасы төмендейді. Соған байланысты бағасы да түседі. Біздің Әулиекөл ауданында шөптің сапасы жақсы. Мұны халық та жақсы біледі. Сондықтан біздің шөпке сұраныс жоғары, - дейді ол.

Коллаж: Kazinform / ИИ

Шабылған шөптің бір бөлігі жақын ауылдарға жеткізіледі. Ал өзге өңірдің адамдары жүк көлігін өздері жалдап, алдыртады. Бір көлікке 750-800 тең немесе 30-35 орам тиеледі. Осылайша бір алқаптан орылған шөп бірнеше елді мекенге жөнелтіледі.

Шөп саудасында алыпсатарлар да бар. Олар шаруалардан өнімді сатып алып, үстіне жеткізу шығынын қосып, қайта сатады екен.

Фото: Ернұр Сағындықовтың жеке мұрағатынан

Бір маусымның бейнеті мен берекесі

Қожалық шабындыққа шілдеде түсіп, жұмысты қыркүйекте аяқтаған. Кеңес заманында егілген бұл шөптер әлі күнге дейін өздігінен көктейді. Биыл жауын-шашын да жақсы болып, шөп бітік шыққан. Ал қожалық баппен күніне 50-70 гектарды шауып отырған.

- Шөп шабу жұмысына төрт техника пайдаланылды. Оның екеуі шөп шабады, біреуі шөпті теңдейді және орамаға айналдырады. Тағы бір трактор шөпті жинауға пайдаланылады. Жұмысты екі адам және әкем екеуміз істейміз. Жалпы, шөп шабу науқанында төрт адам, төрт техника жұмыс істейді, - дейді ол.

Ернұр Сағындықовтың жеке мұрағатынан

Көкорай шөпті жинаудан бөлек, оны баптап, дұрыс сақтаудың өзі бір жұмыс. Тамырынан үзілген соң, шөп бір күндей жерде өз бабымен жатады. Күн ашық болса, тез кебеді. Ал жаңбыр жауса, толық құрғауына бірнеше күн қажет. Әбден кепкеннен кейін ғана оны орамдау жұмысы басталады. Жұмыстың басым бөлігін техника атқарады. Ал төртбұрыштап теңдеу кезінде қол күші керек.

- Трактор рулон жинайтын техникамен шығып, шөпті орамға престейді. Бір күнде шамамен 120-150 орам дайындауға болады, - дейді Ернұр Сағындықов.

Фото: Ернұр Сағындықовтың жеке мұрағатынан

Сапалы өнім – сұраныстың кепілі

Қай өнімде де көлемнен бұрын сапа маңызды. Теріскейдің шөбін алушылар да ең алдымен соған қарайды. Шөптің салмағы тығыз, нәрі мол болуы керек. Қураған, ескі шөп араласқан алқаптар шабылмайды. Өйткені сапалы шөпті жинаудың да өз тәртібі бар.

- Солтүстіктің шөбіне сұраныс жоғары. Себебі біздің өңірде шөптің сапасы жақсы, түрі де көп. Мал азығына қажет құнарлы шөптер өседі. Торғай жақта, ауа райының ыстықтығына байланысты шөптің шығымы төмен болады. Ал біздің жақта жаз басында жаңбыр жақсы жауып, ылғал жеткілікті болса, шөп бітік өсіп, сапалы мал азығын дайындауға мүмкіндік бар, - дейді Ернұр Сағындықов.

Коллаж: Kazinform / ИИ

«Қыстың қамын жазда ойла» дейді қазақ. Қытымыр қыстан малды шығынсыз алып шығу үшін шаруалар жемшөпті жаздан қамдайды. Елде қысқы мал азығын дайындау жұмыстары әлі де қызу жүріп жатыр. Шөп қоры жеткілікті, баға да тұрақты. Ендігі міндет тек қар түскенше төрт түлікке жетерліктей азық әзірлеп алу.