Елдегі медициналық туризм жыл сайын 300 млн доллар кіріс әкелуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Медициналық қызметтердің экспортын Kazakh Tourism компаниясы арқылы ілгерілету керек. Бұл туралы Құрылтайдың жалпы отырысында депутат Нұргүл Тау мәлім етті.

Фото: Kazinform/ЖИ

— Еліміз үшін стратегиялық маңызы артып келе жатқан басым бағыттардың бірі — медициналық туризм. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның медициналық ұйымдары шамамен 80 мың шетелдік пациентті қабылдаған. Сарапшылар 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 300 мың адамға дейін арттып, ел экономикасына жыл сайын 300 млн АҚШ долларына дейін кіріс әкелетіндігін айтып отыр. Зерттеулерге сәйкес, медициналық турист қарапайым туристке қарағанда шамамен 10 есе көп қаражат жұмсайды. Амбулаториялық емнің орташа бағасы — 2 мың, стационарлық емнің құны 5 мың АҚШ долларына дейін жетеді. Тағы бір артықшылығы — медициналық туризм өзге туристік бағыттар секілді мезгіл талғамай, жыл бойы тоқтаусыз жалғаса береді, — деді Нұргүл Тау Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған сауалында.

Осы орайда ол медициналық туризмнің пайдасын тек клиниканың табысымен өлшеуге болмайтынын айтты. Оның артында қонақүй, көлік, қоғамдық тамақтану, туроператорлар, аударма және басқа да қызмет көрсету салалары тұр.

Оның сөзіне қарағанда, осы мәселелерді жүйелі шешу мақсатында Respublica партиясының фракциясы Денсаулық сақтау министрлігін, Парламентаризм институтын және сарапшылар қауымын тарта отырып, бір жарым жыл бойы жұмыс жүргізді. Нәтижесінде, «Медициналық туризм туралы» заң жобасы Үкімет қорытындысына жолданды.

— Осыған байланысты келесі сұрақтарды қарастыруды сұраймыз. Біріншіден, медициналық туризмге қатысты негізгі ұғымдарды, оған қатысушылардың мәртебесі мен жауапкершілігін нақтылау керек. Екіншіден, клиника, туроператор, қонақүй, көлік және өзге де қызметтерді байланыстыратын бірыңғай үйлестіру тетігін қалыптастыру маңызды. Үшіншіден, госпитальдық сервисті, пациентті сүйемелдеу сапасын арттыру қажет. Төртіншіден, елімізде денсаулық сақтау саласындағы қызмет көрсету сапасы мен пациент қауіпсіздігінің ең жоғарғы деңгейі саналатын халықаралық JCI аккредиттеуін алған 10 мекеме бар. Алайда одан өту және оны қайта растау медициналық ұйымдар үшін елеулі қаржылық және ұйымдастырушылық шығындарды талап етеді. Елімізде ғана емес, Орталық Азияда көш ілгері тұрған осындай отандық клиникаларды қолдау керек. Бесіншіден, Қазақстан медицинасының халықаралық танымалдылығын арттырып, медициналық қызметтердің экспортын Kazakh Tourism компаниясын тарта отырып жүйелі түрде ілгерілетуді сұраймыз, — деді депутат.

Бұған дейін іскерлік туризм аясында Қазақстанның қай өңірі көш бастап тұрғанын жазған едік.