Елдегі оқыту орталықтарын кім қадағалайды: Астанада 250 ата-ана сан соғып қалған

Фото: Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Елордалық ата-аналар Gasyr Foundation білім беру орталығына жаппай шағымданды. Олардың айтуынша, Астананың өзінде 250-ден астам ата-ана алаяқтық құрбаны болып отыр. Орталықтың кеңсесі жабық, сабақтар тоқтатылған, басшылықпен байланыс үзілген. Kazinform агенттігінің тілшісі ахуалдың мән-жайына үңіліп көрді. 

Gasyr Foundation жоғары сынып оқушыларын шетелдік оқу орындарына дайындайтын білім беру орталығы ретінде жұмыс істеген. Ағылшын, түрік, итальян тілдерінің және математика курсын ұсынып, Гарвард секілді беделді университеттерге дейін түсуге қолдау көрсетуге уәде берген.

Алайда мамыр айында сабақтар уақытылы өтпей, оқытушылар жалақы алмағанын айта бастаған. Ал өткен аптада басшылықпен байланыс үзіліп, орталықтың Астанадағы кеңсесі жабылған.

− Біз қараша айының соңында үлкен ұлдың бір жыл сабағы үшін 1 млн 800 мың теңге төледік. Мұның өзі жеңілдік жасалған баға, егер қазір төлемесеңіздер, баға қымбаттап кетеді деді. Шетелдік ЖОО-ға түскенше өзіміз көмектесеміз деп уәде берді. Ал екінші ұлым басқа қалада оқиды. Оған наурыз айында онлайн сабақтарды жеңілдікпен 1 млн 600 теңгеге несиеге алдық. Күйеуім қарапайым жұмысшы, өзім әлеуметтік қызметкермін, жалақым 120 мың теңге. Енді несиені қалай төлеуді білмейміз, сабақтар да тоқтатылды, − дейді Айнагүл Нұрмағамбетова.

Мұғайдар Ахметқалиев те қаңтар айында қызының білімі үшін орталыққа 2 миллион теңге төлеген.

— Менің қызым 9-сыныпта оқиды. Қаңтар айында Gasyr орталығына шетелдік ЖОО-ға түсуге дайындалу үшін бардық. Қызымның бір құрбысы осы орталықта оқып жүрді әрі әлеуметтік желіде жақсы пікірлер болған соң сенім арттық. Біз 2 миллион теңге төледік, бар болғаны 4 ай ғана оқыды. Әрине, тіл деңгейі жақсарды. Бірақ кейіннен мұғалімдердің орталықтан кете бастағанын естідік. Басшылық мұны кейбір мұғалімдердің талапқа сай келмегенімен түсіндірді. Сөйтсе, оларға жалақы төленбеген екен, — деді ол.

Орталықтың Астанада ғана емес, Алматы мен Ақтауда да филиалдары бар. Амалы таусылған алматылық ата-аналар да жан-жаққа хат жазып, дабыл қаққан.

− Біз өткен жылы Алматыда филиалы ашылған «Ғасыр» білім беру орталығы тарапынан алданған ата-аналармыз. Қазір орталық оқу процесін тоқтатып отыр. Ал біз орталықтың филиалында учаскелік полицеймен, орталықтың орынбасарларымен бірге отырмыз, иесін шақыруды талап еттік. Бұл орталық балаларымызды шетелдік жоғары оқу орындарына түсіруге дайындаймыз деп уәде беріп, әр оқушыдан жылдық оқуға 1,5–2 миллион теңгеден жинап алды. Енді біз келісімшартты бұзып, қаражатты қайтаруға тырысып жатырмыз. Алайда орталық иелері бізбен кездесуден бас тартты. Бұл істе алаяқтық белгілері бар деп күдіктенеміз. Өте қомақты сома жымқырылуы мүмкін. Сіздерден қандай да бір қолдау көрсетулеріңізді сұраймыз, — деп жазды алматылық Диана Базарова журналист Вадим Борейконың Telegram-арнасына.

Орталықтың кураторы өз есімін жарияламауды өтінді және өзін де бұл орталықтың құрбаны екенін, айлар бойы жалақысын алмай жүргенін айтты. Ал басшылығымен байланыс үзілген.

Бұл орталықтың ресми Instagram парақшасы 1 маусымнан бастап жұмыс онлайн форматта жалғасатынын жариялады.

— Құрметті ата-аналар мен оқушылар! GASYR School сабақтарының 2025 жылғы 1 маусымнан бастап, қайта жүргізілетінін қуана хабарлаймыз. Барлық сабақ онлайн форматта өтеді. Әр оқушы бойынша үйлестіру кезек тәртібімен жүргізіледі. Сабыр мен сенімдеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Біз сіздердің шетелге оқуға түсу мақсаттарыңызға бірге қадам басамыз. Құрметпен, GASYR School командасы, − деп жазылған мәлімдемеде.

Kazinform редакциясы Оқу-ағарту министрлігіне, Әділет министрлігіне және Астана қаласы әкімдігіне сауал жолдады. Алайда ешбір мекеме орталықтың қызметін кім қадағалайтынын және оның қалай тіркелгенін түсіндіріп бере алмады. Елдегі білім беру орталықтары мемлекеттік органдардың бақылауынан тыс қалып отыр.

Сонымен бірге, агенттік Ішкі істер министрлігіне де ресми сауал жолдады.

Бұған дейін Алматы облысында білім бөлімінің басшысы мен 7 бухгалтер сотталғаны хабарланған еді.