Елдегі сақтандыру компаниялары 10 айда 177,1 млрд теңге тапқан

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі елдегі сақтандыру компанияларының таза табысын жариялады.

Сақтандыру саласының жай-күйі туралы шолуда 1 қарашаға дейінгі көрсеткіштер берілген.

Құжатқа сүйенсек, 2024 жылдың 10 айында азаматтарға төленген сақтандыру төлемдерінің жалпы көлемі 266 млрд 714 млн теңге болған. Бұл былтырғы 10 аймен салыстырғанда 24,1% артық.

Оның ішінде міндетті сақтандыру шарты бойынша 104 млрд 357 млн теңге төленсе, ерікті сақтандыру шарты бойынша 162 млрд 357 млн теңге төленген.

- 10 айдағы сақтандыру секторының таза пайдасы 177 млрд 150 млн теңге болды. Ол өткен жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда 9,8%-ға кем, - деп жазылған шолуда.

Жалпы былтырғы қараша айынан бері елдегі сақтандыру ұйымдарының саны 26-дан 24-ке кеміген. Сақтандыру секторында шоғырланған активтердің елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі – 2,24%.