Топырақтың құнарлығы туралы мәліметтер бірыңғай базаға енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Топырақты қорғау туралы» Заңы мен ілеспе құжат екінші оқылымда қаралып, қабылданды.

Фото: Kazinform / Nano Banana

- Біріншіден, заң қабылданғаннан кейін, шаруа қожалықтары жер учаскелерінің шекарасы мен өлшемдерін ғана емес, сонымен қатар сапалық деректерін де көрсете отырып, төлқұжатын (паспорт) рәсімдейтін болады. Алдағы уақытта мемлекет те, шаруалардың өзі де топырақ жағдайына жүйелі түрде талдау жасап, деректер бірыңғай базаға енгізілетін болады. Екіншіден, құжаттың ережелері қарашірік пен топырақ құнарлылығын толықтыруға тікелей байланысты ғылыми негізделген әдістер мен ұтымды технологияларды міндетті түрде қолдануды көздейді. Үшіншіден, заң жердің құнарлы қабатын алу және жылжытуға байланысты нормалар күшейтілген, - деді Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов.

Сонымен қатар ол ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беру бойынша электронды конкурстар өткізуге қатысты түзетулер енгізілетінін айтты. Бұл ұсыныстар қабылданған жағдайда, жер комиссиялары өз жұмысын тоқтатады. Ол шешім қабылдау кезінде адам факторын болдырмайды, ашықтықты арттырады.

- Экологиялық және Орман кодекстеріне және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңға олардың нормаларын «Топырақты қорғау туралы» негізгі Заң жобасының ережелеріне сәйкес келтіру мақсатында өзгерістер енгізілді, - деді депутат.

Айта кетейік, бұл құжатты Парламент Мәжілісі 6 мамырда бірінші оқылымда мақұлдаған еді.