Елдегі 19 ЖЭО-ны жаңғыртуға 90 млрд теңге қажет

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елде 19 жылу-электр орталығының әбден тозығы жеткен.Оларды жаңғыртуға 90 млрд теңге қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл жобаларға қажетті қаражат қайдан алынатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Электр станцияларында жөндеу жұмыстарының ағымдағы жоспары небәрі 76%, ал жаңа қуат көздерін іске қосу жоспары 46% (956 МВт-тан 442,4 МВт) орындалған. «Самұрық-Қазына» қорының сол Екібастұздағы ГРЭС-1 және ГРЭС-2 сияқты аса маңызды жобаларды іске асыруында тиісті мерзімнен айтарлықтай кешігу байқалады. Биылғы үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша ол жобаларға бөлінген қаражаттың игерілмеуі тиісінше 40% және 93% болды. Алматы қаласының экологиясын жақсарту жобаларын кешігіп іске асып жатыр. Жұмыс істеп тұрған Алматы №2 ЖЭО мен №3 ЖЭО жаңғырту мерзімі бір жылға ауыстырылды», - деді Президент.

Мемлекет басшысы, бұл мәселе бойынша Президент Әкімшілігі жанынан құрылған арнайы комиссия кешенді шаралар әзірлегенін еске салды.

«Бақылау-қадағалау тетігін күшейтіп, меншік иелерінің жауапкершілігін және жалпы саланың тиімділігін арттыру қажет. Комиссия дұрыс жұмыс істемей тұрған 19 жылу электр орталығын анықтады. Оларды шұғыл жаңғырту қажет.

Алдын ала есеп бойынша оған шамамен 90 миллиард теңге керек. Бұл қаражат, әрине, энергетикалық кәсіпорындардың тарифтік сметасында ескерілгені жөн», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.

Жиын барысында еліміздің биылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері туралы есеп беріледі және Үкіметтің 2023 жылға арналған жұмыс жоспары қарастырылады деп жоспарланып отыр.