Ұлттық ғылыми орталықта басталған ғылыми мәжіліс аясында денсаулық сақтау ісін дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін ҚР Тағамтану академиясының президенті, Леон Бернард атындағы Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымы сыйлығының лауреаты, профессор Төрегелді Шарманов, Қазақстандағы балалар хирургиясының негізін салушы, академик Қамал Ормантаев, ҚР «Парасат» орденінің иегері, профессор Тамара Чувакова және ғалым Нина Каюпова арнайы дипломдармен марапатталды.
«Негізі, Қазақстанның бүгінгі медицина саласындағы жетістіктері аз емес. Алайда мен бір-ақ мәселені ерекше атап өтер едім. Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы бүгінде Орталық Азияда ғана емес, Шығыс Еуропада да кеңінен танылып үлгерді. Бұл орталықты шет елдеде жақсы біледі әрі мойындайды. Меніңше, осының өзі біз үшін үлкен жетістік», - дейді ҚР Тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов.