Елдегі депозиттердің жалпы көлемі 30 трлн теңгеге дейін жетті

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қаржы нарығындағы ойнышылардың теңгедегі активтерге деген сенімі артты. Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Ұлттық банкінің басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов осындай мәлімет келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылғы күтпеген өзгерістердің бұрын-соңды болмаған сипатына қарамастан Ұлттық банк келесі нәтижелерге қол жеткізді.

Бірінші – қаржы жүйесінің тұрақсыздануының алдын алу. Қабылдаған ұлттық жедел шаралар қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік берді. Екінші – биыл қазан айында депозиттер ең жоғары тарихи деңгейге, яғни, 30 трлн теңгеге дейін жетіп, теңгедегі активтерге деген сенім артты.

Үшінші - валюта нарығының теңгерімділігі қамтамасыз етілді. Нарықтағы сұраныс пен ұсынысты нарық қатысушылары айқындайды», - деді Ғалымжан Пірматов.

Сондай-ақ, ол дамушы нарықтардан капиталдың айтарлықтай әкетілуіне қарамастан, Ұлттық банктің басқаруындағы активтердің ұзақ мерзімді кірістілігі оң аймақта сақталып тұрғанын атап өтті.

«Бесінші – халықтың бөлшек төлемдеріне қызмет көрсетуі үшін ұлттық төлеу жүйесі іске қосылып, нақты қатысушылармен цифрлық теңгенің технологиялық палтформасы тестілеуден сәтті өтті», - деді Ұлттық банк басшысы.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.

Жиын барысында еліміздің биылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері туралы есеп беріледі және Үкіметтің 2023 жылға арналған жұмыс жоспары қарастырылады деп жоспарланып отыр.

Фото: t.me/bort_01