17:13, 18 Наурыз 2009
Елдегі ірі кәсіпорындар мен жергілікті билік халықтың экономикалық және әлеуметтік дамуына жеткілікті дәрежеде үлес қоспай отыр ?Зерттеу қорытындысы
АСТАНА. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Елдегі ірі кәсіпорындар мен жергілікті билік Қазақстан халқының экономикалық және әлеуметтік дамуына жеткілікті дәрежеде үлес қоспай келеді. Тәуелсіз Сандж зерттеу орталығы халық арасында жүргізген сауалнамасы нәтижесінде осындай қорытындыға келіп отыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Бүгін Астанада аталмыш орталық мүшелері баспасөз мәслихатында халық тарапынан ең жоғары және ең төмен бағаларға ие болған өндіруші компаниялар мен жергілікті билік рейтингісін жария етті.«Қазақстандағы 30 ірі компания, 39 кәсіпорын және 43 елді мекендердің жергілікті билігі 5 балдық жүйе бойынша бағаланған. 1230 адам 60 сұрақтан тұратын сауалнамаға жауап қайырды. Нәтижесі көрсетіп отырғандай, ешбір компания, бірде-бір елді мекеннің билігі халықтың қолдауына, жоғары бағасына ие бола алмады», дейді Сандж орталығының мүшесі Жанар Жандосова.Экономикалық және әлеуметтік дамуы жағын саралаған зерттеушілер, тұрғындардың сенімі негізінде құрылған аймақтар рейтингісінің көш басында Павлодар облысы (2.60 баллмен) екендігіне көз жеткізіп отыр. Ал ең төмен көрсеткіш Оңтүстік Қазақстан облысы мен Жезқазған аймақтарындағы елді мекендер. Ол аймақтардағы тұрғындар аймақтың әл-ауқатын 1 баллдан да төмен бағалап отыр.Компаниялардың арасында ең жоғары рейтингтерге «БогатырьАксесКөмір» (2.53 балл), Теңізшевройл (2.15 балл), ҚазМұнайГаз (2.08 балл) ие болды. Жұрттың ең төмен бағасына «Жайықмұнай» компаниясы іліккен. Кәсіпорындардың ішінде «Қазхром Ақсу», «Өзенмұнайгаз» бен «БогатырьАксесКөмір» өндірушілері халықтың ең көп пікіріне ие болды. «Дегенмен де, бұлар да екіден сәл-ақ жоғары балл алып отыр. Сондықтан да көп болып жеріміздің қойнауын халық игілігіне жарату ісіне атсалысуымыз қажет», дейді орталықтың Ақтөбедегі өкілі Мейірбек Камалов.