Елдегі ірі кәсіпорындардың 90 пайызы ақпараттық технологияларға инвестиция салуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы ірі кәсіпорындардың 90 пайызы ақпараттық технологияларға инвестициясын өсіріп жатыр. Жағымды тренд туралы «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ басқарма төрағасы Руслан Еңсебаев айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Холдинг басшысы сөзін 2017 жылғы ақпараттық телекоммуникация саласының даму қорытындысы мен осы жылғы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарынан бастады.

«2018 жылы «Зерде» холдингінің «KPMG» компаниясымен бірлесе инфракоммуникациялық технологиялардың талдауын жүргізді. Аталмыш талдаудың нәтижесі бойынша, біз айтарлықтай өсім барын байқап отырмыз. Оның алдындағы бірнеше жылда біршама қалыс қалып бара жатқанымыз көрініп тұратын. 2017 жылдың қорытындысы бойынша өсім 3 пайызды көрсетіп отыр», - дейді холдинг басшысы.

Руслан Еңсебаевтың сөзіне сенсек, Қазақстанда ІТ-өнімдерінің экспорты біршама азайған.

«Бұған ең алдымен біз өз өнімімізді жеткізген елдерде импорттың орнын ауыстыру саясаты жүргізіліп жатыр. Ол елдерде экономиканың әлсіреуі байқалады. Сондай-ақ, Қазақстанға ІТ-өнімдердің импортының мөлшері төмендеді», - дейді ол.

Руслан Еңсебаев дегенмен де жағымды трендтердің байқалатынынан хабардар етті.

«Ірі компаниялардың 90 пайызы ақпараттық технологияларға салған инвестицияларын өсіріп жатыр. Бұл әлбетте, әлемдік трендтерді ескерсек, өте дұрыс қадам. Цифрлық технологиялардың өнімділікке қалай әсер ететінін барлық кәсіпорындар түсініп отыр. Кәсіпорындардың бұл бағыттағы шығындарының 30 пайызы ақпараттық бағдарламаларға, 30 пайызы - құрылғыларға, 25 пайызы осы жобаларды іске асырудағы ішкі персоналдарға және 15 пайызы ғана ІТ-қызметтерді дамытуға жұмсалады», - деп түйді Руслан Еңсебаев.