Елдегі кеніштерді тиімді пайдалана алмаған азаматтардан қайтарып алу керек - Мемлекет басшысы

АСТАНА. Маусымның 30-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Инвесторларды қызықтыратын ең басты мәселе - еліміздің шикізат базасы.

Ал жер қойнауын пайдалану саласында елде қызмет етіп жатқан кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз етуде және жаңа индустриялық жобаларды қолдау үшін үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының барлық талаптары орындалуы қажет. Олардың қатарында технологиялар, қазақстандық қамту, экология сияқты өзге де бірқатар талаптар бар», деді бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өтіп жатқан минералды ресурстар мен металлургия жөніндегі 1-ші қазақстандық халықаралық конгресс барысында.

Президенттің пікірінше, еліміздің шикізат ресурстарын пайдалану саласында минералды-шикізаттық кешенді дамытудың арнайы бағдарламасы жүзеге асуда. Аталмыш бағдарлама бойынша кешенді әрі жан-жақты талдау шаралары мен жер қойнауын пайдалануға мораторий енгізу жұмыстарының қорытындылары бойынша тиісті жұмыстар жүргізіледі. «Мен жақында жер қойнауын пайдалануға белгілі бір мерзімге дейін мораторий енгіздім. Себебі көптеген азаматтар еліміздің қиын-қыстау күндерінде елдегі кеніштерді сатып алды. Бірақ оған қаржы салу мәселесі бойынша келісімде көрсетілген міндеттерді орындамайды. Олар шөп қорыған ит құсап, кеніштерді не өздері пайдаланбайды, не өзгелердің пайдалануына бермейді. Біз болашақта мұндай кеніштерді келісімде көрсетілген міндеттерді орындамағаны үшін қайтарып алып, оны тиімді пайдалана алатын азаматтарға береміз», деді Елбасы.

Қазақстан табиғи ресурстарға бай мемлекет. Сондықтан елде тың серпіліс жасауға, яғни бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылуға қажетті мүмкіндіктердің барлығы бар. «Алайда бұл ресурстардың қайтып жаңартылмайтындығын есте ұстау керек.

Біздің мемлекетіміздің болашағы осы байлықтарды қалай пайдаланатындығымызға байланысты», деді Президент.