Бұл туралы бүгін BNews.kz интернет порталында өткен онлайн-сұхбат барысында Индустрия және жаңа технологиялар институты жанындағы «Қазақстандық индустрия дамыту институты» АҚ президенті Мейрам Қажыкен мәлім етті.
Компания президентінің айтуынша, ағымдағы жылы «Өнімділік-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға шамамен 34,9 млрд. теңге жұмсау көзделген. Оның 19,9 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен болса, қалған 15 млрд. теңге шамасында қаражат Қазақстанның Даму Банкінен қарастырылып отыр. «Менің ойымша, аталған бағдарламаның ең осал тұсы оның қаржыландыруы болып табылады. Бұған бір ғана бюджетті жегіп қоюға болмайды. Біздің бағалауымызша еліміздегі өнімділікті арттыру үшін 2014 жылдың соңына дейін 7-8 млрд. доллар қажет етіледі. Яғни бұл салаға қомақты қаражат қажет. Дегенмен, бұндағы негізгі құрал ел бюджетіне емес рыноктық институттарға жүктелуі шарт. Осы бағытта өнімділікті қаржыландыру қаражатын шоғырландыратын нарықтық қаржылық жүйені құрудың маңызы зор. Бұл мемлекеттің қатысуын да бизнестің өнімділігін жаңғыртуды да жеңілдететін еді. Екіншіден, соңғы уақытта бюджет қаражаты жүрген жерден бизнес те қашқақтай бастады. Өйткені оның құжатын жинаудан бастап, мемлекеттік орган тексерістеріне дейінгі «бас аурулары» өте көп. Сондықтан негізгі салмақты нарыққа салу керек», - деді М. Қажыкен.