Елдегі туу көрсеткішінің 25 пайызға артуы, ал адам өлімінің 11 пайызға кемуі денсаулық сақтау саласының қаншалықты дамығандығының көрсеткіші - С.Қайырбекова

ТАНА. 8 қыркүйек. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде 700-ге жуық жаңа нысандар салынды.

Сонымен қатар денсаулық сақтау саласының өзі де айтарлықтай дамыды. Елдегі туу көрсеткішінің 25 пайызға артуы, ал адам өлімінің 11 пайызға кемуі осының айқын айғағы. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан «Болашақ госпиталі» II халықаралық медициналық іскерлік форумында Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, соңғы уақытта еліміздегі адам өмірінің ұзақтығы 2 жылдан аса артты. Басқаша айтқанда, елде денсаулық сақтау саласын әрі қарай жетілдіруге мықты негіз қаланды. «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адамдар арасындағы аурулар мен мезгілінен бұрын қайтыс болу жағдайларын барынша кемітіп, азаматтардың денсаулықтарын нығайтуға күш салып отыр. Сондықтан аталмыш ұйым тек соңғы бірнеше жылдың өзінде 10-нан астам стратегиялық құжаттар қабылдады. Қазақстан олардың барлығына қосылды. Сондықтан мемлекетіміздің алдында денсаулық сақтау саласы бойынша тұрған маңызды міндеттердің бірі тұрғындардың денсаулықтарын салауатты өмір салтын қалыптастыру мен жұқпалы емес, созылмалы аурулардың санын азайту арқылы нығайту болып табылады.