Елден шығуына тыйым салынған борышкерлер қарызын төлеуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылдың бірінші жартыжылдығында 4986 әкімшілік материал бойынша сот орындаушылары 3563 борышкерге айыппұл салып, 1071-ін тұтқындаса, 68-іне ескерту жасады.

«Жалақы бойынша қарыздарды өндіру жайына келер болсақ, аталған мерзімде сот орындаушыларының атқаруындағы сомасы 1,3 млрд. тг. болатын 3768 құжаттың (2013 жылы - сомасы 1,7 млрд. тг болатын 3964 құжат) 1489-ы толық көлемде орындалып, 393 млн. теңге өндірілді. Былтырғы осыған сәйкес кезеңдегі көрсеткішке қарағанда жалақы қарызын өндіру жөніндегі құжаттар саны 191-ге азайды, ал аяқталған құжаттардың үлесі биыл 63,5 пайызға жетті (2013 жылы - 54,2%). Қазіргі уақытта 1212 құжат орындалуда, басым көпшілігі бойынша азаматтардың шетелге шығуы шектеліп, тыйым салынған мүліктері өткізілуде», - делінген ҚР Әділет министрлігі Сот актілерін орындау комитетінің мәліметінде.

Алимент өндіру бойынша құжаттардың саны осы жылдың алғашқы жартыжылдығында 207 790-ға жетті, олардың 15 796-ы немесе 7,6%-ы аяқталды (2013 ж. бірінші жартыжылдығында - 182 609, аяқталғаны - 12 121).

Жалпы алимент өндіру жұмысы мүмкіндігінше жанданып келеді - биылғы 5 айда қарызын мүлдем төлемеген жағдайлар бойынша 18 544 құжат тіркелген еді, қазірде олардың саны 3 608-ге азайды. Айталық, Алматы облысы бойынша сот актілерін орындау департаментінде алдыңғы бес айда қарызы төленбей келген 1 078 құжат болса, жартыжылдық көрсеткіш - 637 құжат.

Борышкерлердің республика аумағынан тыс шығуына уақытша шектеу қою және әкімшілік жазаға тартылуы, атқару өндірістерінің азаюына үлкен септігін тигізіп отыр.