Елдігіміз - бірлікте

АСТАНА. 29 қаңтар. ҚазАқпарат. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» деген Қазақстан халқына биылғы Жолдауын теледидардан көріп, үлкен толғанысқа түскенімді жасыра алмаймын,

дейді Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармонияның бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, профессор Мұхтар Өтеуов.

Отандық өнер саласының 30 жылдан астам қызмет жасап келе жатқан байырғы қызметкері ретінде тұңғыш Президентіміздің тәуелсіз дербес мемлекетіміздің іргетасын қалап, шаңырағын көтерген сәттері анық есімде. Әсіресе кәсіби мәдениетіміз бен өнеріміз үшін 90-шы жылдардың мейілінше ауыр да күрделі болғаны әріптестерімнің қаперінде болар. Мемлекет басшысының «Ел көшін бастау - маған сын, мені қостау - елге сын», - деген сөзіне бой ұрған біздер, өнер қайраткерлері, бір кісідей жұмылып, барлық қиындықты жеңе білдік. Елбасының шынайы қамқорлығының арқасында республикада бірде бір өнер мекемесі жабылған, қызметкерлері қысқартылуға түскен жоқ. Керісінше, қатарымыз кеңейді, көбейді: мемлекет басшысының арнайы Жарлығымен 2000-ші жыл «Мәдениет жылы» аталып, Астана қаласында Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры, оның алдында Ұлттық өнер университеті құрылып, екіншісі жақында ғажайып архитектуралы жаңа ғимарқа кірсе, Ұлттық опера театрына бүгінгі күннің сұранысына сай арнайы шаңырақ-сарай салынуда. Біздің алдымызда Елбасының артқан үмітін ақтап, жаһанданудың әлемдік бәсекелестік кеңістігінде ұлттық мәдениет пен өнерімізді абыроймен көрсете білу міндеті тұр. Міне, осы тұрғыда, өнер қайраткерлеріміздің шеберлігі талғамы күшті шет елдік көрермендерге аспанды шаққан найзағайдай әсер етіп жатса, олардың ішінде Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясының ұжымы мен жеке орындаушыларының бар екенін мен зор мақтанышпен айта аламын.

Қызмет бабымен өнер делегацияларының құрамында көптеген шет елдерде болған кездерімде, Қазақстан дегенде бәрінің аузында Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі тұратынын, Президентіміздің ол жақта кеңінен танымал харизмалы тұлға екеніне көзім анық жетті.

Елбасымызды төрткүл дүние танып отырғаны - бүгінгі күннің үлкен шындығы. Қыран қанат Қазақстанның бұдан да биік, бұдан да асқақ самғауы тұр алда. Президент Жолдауында елімізді жан-жақты индустрияландыру мәселесі көтеріліп, материалдық дамуымыздың басты күші - экономикаға баса назар аударылған екен. Халықтың тұрмысы жақсарып, материалдық мүмкіндігі молайса, оның мәдени-рухани сұранысы да кеңейіп, тереңдеп, театр, концерттік залдардың көрермендері көбейері сөзсіз. Олай болса, дана ойлы, сергек бойлы, туған халқына берер сыйы әлі мол Тұңғыш Президенттің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту референдумын өткізуге Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясының ұжымы бір кісідей қолдады. Осыған орай, жүрек сезімімнің сырын ашар Төле би бабамыздың мына өлең жолдарын айтқым келеді:

«Астыңа берсе алтын тақ,

Еліңнің саған сенгені.

Береке-бітім жолын тап,

Күштің бетін баста - деп,

Қолыңа тізгін бергені!»