***
Кеше Үкімет үйінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов елімізге ресми сапармен келген Иордания Хашемиттік Корольдігінің Премьер-министрі Самир Заид әл-Рифаимен кездесіп, келіссөздер жүргізілді. Кездесуден кейін тараптар БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Ықпалдастық арта бермек» деген тақырыппен мақала басылды. «Еліміз үшін Иордания араб аймағындағы маңызды стратегиялық әріптес саналады, Самир Заид әл-Рифаидың бұл сапары Қазақстан мен Иордания арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға серпін беретініне сенімім кәміл, - деген Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов келіссөздер барысында екі жақты ынтымақтастық мәселелері, оның ішінде сауда, экономика, индустрия, ауыл шаруашылығы, ғылым, білім, мәдениет, туризм, фармацевтика және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланғанын да назардан тыс қалдырмады», деп жазады басылым.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Астана қаласында еліміз Сырты істер министрлігінің Жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаев пен ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Өкілі, БҰҰ-ның резидент-үйлестірушісі Ханаа Сингер "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы БҰҰ паспорттары иелерін визалық талаптардан босату туралы" келісімге қол қойды. «Визалық талаптардан босату жөніндегі келісім жасасу БҰҰ-мен өзара қарыс-қатынасты дамытудағы кезекті қадам болып табылады. Сол себепті Қазақстан Ұлттар Ұйымының адамзаттың өмірлік проблемаларын шешудегі жетекші рөлін түйсіне отырып, БҰҰ-мен ынтымақтастыққа үлкен мән беріп отыр. "Бұл ұйым - әлемдегі ең беделді ұйым. Сондықтан, осындай келісімдерге қол қою арқылы әріптестігімізді одан әрі нығайтуға жол ашылады деген ойдамыз», депті Рәпіл Жошыбаев.
Кеше елордада Байланыс және ақпарат министрлігінің қолдауымен қазақстандық ІT компаниялардың ІІ съезі болып өтті. Съезге Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев, Мәжіліс депутаттары қатысты. Шара барысында Қазақстандағы ІТ саласының дамуын талқылау және ІT бизнесті ынталандыру мен алға жылжытуға мемлекеттік қолдау көрсету мәселелері сөз болды. Осы алқалы жиынды назарынан тыс қалдырмаған «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі нөмірінде «Атқарылар істер атқарылғаннан көбірек» деген тақырыппен мақала басты. Басылымның жазуынша, алдағы 3-4 жылда ІТ технологиясы мамандарын жетілдіру, көбейту мақсатымен сапалы кадрлар дайындайтын 3 колледж ашылмақ. Өйткені, жалпы алғанда жоғары білім алу жақсы, дегенмен кәсіптік мамандықтарды да ұмытпаған абзал. Оған себеп, олар жоғары технологиялар өндірісін жолға қойып, оларды жинаумен, жасақтаумен, құрастырумен айналысатын болады. Бұдан өзге, мемлекет жыл сайын осы сала мамандықтарын дайындайтын ЖОО-ларға гранттар бөледі.
***
«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі сенбілік санындағы бас мақала «Көк байрақпен қоқыс тасыған қазақ қайда барады?» деген тақырыппен берілген. Онда еліміздің оқу орындарының бірінде жүргізілген сенбілік кезінде студенттер мемлекеттік туымызды қоқыс таситын құралға айналдырғандығы туралы қынжыла жазылған. Бұған ғаламтордағы сайттардың бірінде осы бір сорақы көріністің бейнежазбасы жариялануы түрткі болған. Осы жайтты шырылдап жазған «Алаш айнасы» «туған елінің қасиетті Туын аяқасты етіп қорлап және сол әрекетінің соншалықты надандық екенін сезінуге өресі жетпей жүргендердің жоғарыдағы әрекетін басқаша бағалау мүмкін емес» деп ой түйеді.
Газетте сондай-ақ еліміздің мұнайлы өлкесіндегі экологиялық проблемалардың әлі де шешімін таппай жатқандығын тілге тиек еткен «Жайықтың суалғаны - Атыраудың қуарғаны» деп аталатын сын мақала жарық көрген. Ғалымдардың пікірінше, қазіргі күні Атырау жерінің 75 пайызының соры шығып, кішкентай өзен-көлдер тартылып бара жатқан көрінеді. Ал бұл мәселеге тиісті орындар бей-жай қарап отыр. Мамандардың айтуынша, осы өңірдегі ең үлкен Жайық өзенінің суы да сарқыла бастапты. Себебі осы алып өзеннің бойында орналасқан көрші мемлекеттер Жайық суын ысыраппен пайдаланатын көрінеді. Мақала осы проблемаға назар аудартады.
Ал «Алаш айнасы» газетінің «Дат» айдарында Алматы қалалық Жол полициясы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Арман Сарбасовпен кең көлемді сұхбат берілген. Сұхбатта алып мегаполистің көліктері сапырылысқан көшелеріндегі тәртіп мәселесі сөз болған. «Алаш айнасы» арқылы автокөлік иелерін жол ережелерін сақтауға шақырған Алматының бас полицейі Арман Сарбасов заң бұзушылар жазадан жалтарып кете алмайтындығын тағы бір ескертіп өтті.
Сонымен қатар осы басылымның «Ой-көкпар» айдарында «Халық әртісі» деген атақты қайта қалпына келтіру қажет пе?» деген сауал талқыға салыныпты. Ондағы пікірталастарда не айтылғанын білгіңіз келсе, «Алаш айнасы» газетінен көз жазып қалмаңыз.
***
«Валют-Транзит Банк» АҚ-тың бұрынғы басшысы Айтбақы Биляловқа қатысты жаңа қылмыстық істі тергеу аяқталып, іс сотқа жіберілді», деп жазады «Айқын» газеті сенбілік нөмірінде жарық көрген «Билялов бірнеше бап бойынша сотталуы мүмкін» деген мақалада. Бұл жайында басылымға Қарағанды облыстық прокуратурасы хабарлаған. «Шын мәнінде, сан мыңдаған салымшыларды сан соқтырып, олардың жиған-терген салымдарын қақшып кеткен «Валют-Транзит Банктің» бұрынғы басшысы Айтбақы Билялов пен оның сыбайластарының қаржы әлеміндегі қылмыстық ісіне нүкте қойылуға жақын деуге болады. Бұл істі тергеу ісінің оңай болмағаны анық. Десек те, Бас прокуратураның арнайы прокуроры М.Бектұрсынов жетекшілік еткен тергеу тобының мұқият жүргізген тергеу-тексеру амалдары барысында, ықпалды банк тобының көп жылдар бойғы қылмыстық іс-әрекеттері толық әшкереленді. Сөйтіп, Биляловтың басқаруындағы қылмыстық топтың өрескел заң бұзушылығы жағдайында жалпы сомасы 30 миллиард теңгеден астам қаржының қолды болғаны толық анықталды», деп жазады басылым.
Осы басылымның дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалинмен ардағы сұхбат «Елдік тұтастығымызды сақтаудың үлкен мектебі - көркем әдебиет» деген тақырыппен басылған. Басылымның барлық сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берген ол «Тәуелсіздікпен бірге жаңа бір құбылыс біздің өмірімізге жарыса кірді. Ол - жаһандану деген нәрсе. Жаһандану енді-енді тәлтіректеп, етегіне сүрініп-қабынып, көзінің жасын жаңа сүртіп жатқан сол кездегі біздің өмірімізге қоса-қабат еніп кетті. Бұл да - өзінің аржағында үлкен мақсаты бар нәрсе. Кешегі «дүниені бөлшекте де, билей бердің», тізгіндеудің, ғаламның төрт бұрышын тыпыр еткізбей ұстаудың жиырмасыншы ғасырда үлкен-үлкен мектептері болды ғой. Мен жаһандануды адамзат баласы айналып өте алмайтындай етіп жасалған соның жаңа бір үлгісі деп есептеймін. Сондықтан жаһанданудың күнгей жақтары да бар, көлеңкелі тұстары да көп» деген пікірін білдірген.
Ел ішінде спортты жасынан жанына серік етіп, жылдар ағымында жинаған тәжірибесін кейінгі буын өкілдерімен бөлісіп, балаларға өнеге етіп жүргендері де баршылық. Сондай азаматтың бірі, «әуесқой» спортшы - Берік Пышанов. Талас ауданының орталығы Қаратау қаласында еңбек етіп жүрген Берікті жерлестері «құрыш құлақты Берік» деп те атайды. Оның өзіндік себебі де бар. бұл себепті білгіңіз келсе, «Айқын» газетінің сенбілік нөмірінде жарияланған «Құлағымен көлік тартқан жігіт» деген мақаланы жіберіп алмаңыз.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше елімізге велоспорттан бірнеше мәрте рекордтар жасаған, көп күнге созылатын үш ірі жарыста 11 рет жеңіске жеткен Эдди Меркс, "Тур де Франс" бәйгесінің үш дүркін, "Джиро д Италия", "Вуэльта Испания" жарыстарының жеңімпазы Альберто Контадор мен отандасымыз, «Астана» велоклубының қазіргі капитаны Александр Винокуров келді. Осыған орай өткен арнайы баспасөз мәслихаты барысында А.Винокуров «"Тур де Франс" көпкүндік бәйгесінде командалық есепте алғашқы орын алуға ұмтыламыз. Альберто кеткенімен, жас, болашағы зор Роман Кройцигер келді. Қазақстандық жастар өсіп келеді», деген.