***
«Жетімдерін жерге қаратпаған қазақ елі үшін асыраушысы жоқ балаларды шетел асыруға қатысты мәселе үшінші дауға айналғалы көп болды. Біраздан бері бұл мәселе тыншып қалғандай еді, бірақ кеше Парламент қабырғасында ол қайта көтерілді. Осы күні 1999 жылдан бері шетелдіктердің 8 мыңнан астам қазақстандық баланы алып кеткендігі айтылды. Жалпы елдегі ахуалды ескеріп, Елбасының «20 миллиондық» меже белгілегенін еске алып, енді ел болып, билік болып, «бағып-қаға алатын түріміз жоқ, жетімдер шетке кете берсін» деушілердің уәжіне тойтарыс беретін уақыт жетті», деп жазады «Айқын» газеті. Кеше Парламенттің төменгі палатасында бала асырап алуға қатысты құжат қаралған болатын. Осыған орай басылымда «Бала асырап алудағы бастамамыз жақсы» деген тақырыппен мақала жарияланды. Алқалы жиында Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтың келтірген деректеріне сәйкес 10 жылдың ішінде қазақстандық азаматтар 28 мыңнан астам баланы асырап алған. Бұл көрсеткіш соңғы 10 жылда асырап алынған барлық баланың 70 пайызын құрайды екен.
Кеше Алматыда бір топ ұлт зиялылары жиналып, Қытай түрмелерінде 40 жыл өмірін өткізген жазушы, алты томдық «Қылмыс» романының авторы Қажығұмар Шабданұлын Мәдени саясат және өнертану институтының атынан ҚР Мемлекеттік сыйлығына ұсынды. «Айқын» газетінің жазуынша, қаламгер аталған романының алғашқы 2 томын бостандықта жазса, қалған 4-еуін түрмеде жазған. Басылым бетінде жарық көрген мақала «Қажығұмар мемлекеттік сыйлыққа лайық!» деген тақырыппен берілген.
Дәл 15 күннен кейін Канаданың Ванкувер қаласында қысқы 21-ші Олимпиада ойындарының басталатынына тоқталған «Айқын» газеті онда сарапқа салынатын спорт түрлері, қай елдер арасында бәсеке өтетіндігі, Қазақстан осыған дейінгі қысқы байрақты бәсекеде қалай өнер көрсетті деген мәселелерді тереңнен қаузаған. «Бүгінгі таңда Қазақстан спортшылары Олипиаданың 37 лицензиясына иелік етті», деп жазған басылым іріктеу жарыстарының аяқталмағанын да атап өткен. Айта кетейік, кеше шаңғы спортынан спортшыларымыз тағы 2 лицензияға қол жеткізген болатын. Сонымен Қазақстан лицензиясы 39-ға жетті.
***
«Сенсацияға толы чемпионат». Осы тақырыппен «Нұр Астана» газетінде жарық көрген көлемді мақалада елорданың төрінде өткен бокстан Қазақстан чемпионатына кеңінен тоқталған. «Аталмыш жарыста шығысқазақстандық боксшылар командалық бәсекеде тұңғыш рет 4 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлде иемденіп, топ жарды. Астана қаласы 3 алтын, 1 күміс, 3 қоламен екінші орынға ие болса, 3 алтын, 1 күмісі бар Қостанай үздік үштіктің қатарынан орын алды», деп жазады басылым.
«Ұлт бірлігі доктринасын» жақтаған да, даттаған да мақалалар мерзімді басылымдардың бетінде жиі көтеріліп жүргеніне де біраз болды. Сондай жарияланымның бірі «Нұр Астана» газетінің бүгінгі санында «Елдің ертеңі - қазақтың қолында!» деген тақырыппен берілген. «Доктринаның арқасында бүгінгі қаза қоғамының азаматтары өзіндік ой-пікірлері қалыптасқандығы және оны ашық айтуға дайын екендігін дәлелдей білді. Өмірдің шырғалаңы мен бұлтарыстарында аңғал бала тәрізді аңырап қалмай, өз бетінше жол іздейтінін аңғартты. Олай болса, құжаттың қоғамға сілкініс әкелгенінің өзін игі нышан деп бағалауға толық негіз бар», деп жазады басылым.
***
«Астана ақшамы» газетінің бүгінгі нөмірінде Астана қалалық тұрғын үй басқармасының бастығы Серік Оспановпен арадағы сұхбат жарық көрді. Екеуара әңгіме мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына, әкімдік тарапынан берілетін жалдамалы үйге қатысты өрбіген. Басылымның сауалдарына тұщымды жауап берген С.Оспановтың сұхбаты «Бағдарламаның жалғасы бар» деген тақырыппен жарық көрді.
Осы басылымның «Әлеумет сауалы - әкім жауабы» тұрақты айдарында елорда басшысы Иманғали Тасмағамбетов қала тұрғындарының сауалдарына жан-жақты жауап берген.
Алдымызда Ұлы Отан соғысы жеңісінің 65 жылдық мерейтойы келе жатыр. Осынау атаулы күнге орай «Астана ақшамы» басылымы Астана қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Алпысбековтен Ақмола облысынан майданға аттанған азаматтары жайында сыр тартқан.
«Астана ақшамы» газеті «Күміс қоңырау» қосымшасының «Менің көшем» бәйгесіне орай елордалық оқушылардың мақалалары топтастырылып берілген.
***
«Қазақстанда тағы бір жаңа «999» атты көркем фильм түсіріледі», деп жазады «Экспресс-К» газеті. Басылымның жазуынша, басты рөлде алматылық рэпер, «Метис» жобасына қатысушы Валерий Задаровский ойнамақ. Жазылған жайттың егжей-тегжейін басылымның бүгінгі нөмірінен оқи аласыздар.
«Известия-Казахстан» басылымның жазуынша, Қарағанды облысындағы бұрынғы «Дарьял-У» радиолакациялық стансысының ғимаратының қирауынан үйінді астында қалған азаматтарды іздеу жұмыстары 5 күн бойы жүргізіліп жатыр. Іздеу-құтқару жұмыстарына барлық күш жұмылдырылғанмен үйінді астында қалған 3 азаматты табу мүмкін болмай отыр.
«Аргументы и факты Казахстан» газетінің жазуынша, елордалық оқушылар ҚР Президентінің резиденциясы Ақордаға саяхат жасаған. Елорданың үздік және белсенді 30 оқушысы Мемлекет басшысының жоғары мәртебелі қонақтарды қабылдайтын, ел басшыларымен келіссөздер өткізетін залдарын көру бақытына ие болған.
«ҚР Төрағалығы ЕҚЫҰ - ЕО пікірталас шеңберін біршама кеңейтті», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның жазуынша, Брюссельде ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың қатысуымен ЕҚЫҰ - ЕО Саяси диологының кезекті раунды өткен.
Кездесу барысында Еуроодақ тарапынан Қазақстанға нарықты экономикалық ел мәртебесін беру бағытындағы жұмыстардың белсендірек жүргізілуі қажеттігі аталып өтілген. Мұндай мәртебе АҚШ тарапынан 2002 жылы берілсе де Еуроодақ әлі асықпай келген. Сонымен бірге, кездесу барысында Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету тақырыбы да қозғалып, Еуроодақ тарапынан жаңа төрағаның бастамаларына қолдау көрсетілетіні айтылған.