Елдің ішкі және сыртқы саясатын жүргізуде Елбасы Қазақстанды, қазақ халқын бүкіл әлем жұртшылығына таныта білді - М.Қуанғалиев

АСТАНА. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - "Қазақстан халқын референдум өткізу туралы бастаманы қолдап, Президент Н.Назарбаевқа жалпыхалықтық қолдау білдіруге шақырамыз", - деді «Каспиймұнайгаз» ғылыми зерттеу және жобалау институты» АҚ бас директоры Мырзабек Қуанғалиев Елбасы Н.Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылғы 6 желтоқсанға дейін ұзарту жөнінде республикалық референдумды өткізу бастамасына арналған митингте.

«Каспиймұнайгаз» ғылыми зерттеу және жобалау институты» АҚ-ы ұжымы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың өкілеттілігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөніндегі республикалық референдум өткізу жөніндегі бастаманы бірауыздан қабылдап, толықтай қолдайтындығын атап өткен ол: «Еліміз тәуелсіздік алған кезден бері Мемлекет басшысы қоғамды демократиялық жолмен дамытуға, дәулетті ел болуға бастап келеді. Нарық экономикасының өзегі ретінде халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы әлеуметтік маңызы зор бағдарламаларды жүзеге асырды. Елдің ішкі және сыртқы саясатын жүргізуде Елбасы Қазақстанды, Қазақ халқын бүкіл әлем жұртшылығына таныта білді», - деді.

Сондай-ақ ол ертеңгі күнге деген сенім, қазақтың берекелі жерінің тыныштығы үшін барша Қазақстан халқын референдум өткізу туралы бастаманы қолдап, Президент Н.Назарбаевқа жалпыхалықтық қолдау білдіруге шақырды.