Елдің солтүстігі мен батысында тұрақсыз ауа райы күтілуде - 18 тамызға арналған ауа райы болжамы

АСТАНА. 17 тамыз. ҚазАқпарат - Белсенді циклонмен бірге Қазақстанның батысында 18 тамыз күні найзағайлы өткінші жаңбырлар өтеді, жел күшейеді, кейбір жерлерде шаңды дауыл күтіледі.

Республиканың солтүстік аудандарындағы ауа райы тұрақсыз болады деп күтілуде. Бұл туралы Қазгидрометке сілтеме жасаған ҚР ТЖМ-нің баспасөз қызметінен хабарлайды.

Елдің қалған аумағында жауын-шашынсыз ауа райы болады деп күтілуде.

Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында, күндіз Қостанай облысында кейбір жерлерде желдің 15-20 м/с жылдамдықпен соғуы күтілуде.

Атырау және Батыс Қазақстан облысында жел 15-20 м/с жылдамдықпен соғып, шаңды дауыл болуы ықтимал.

Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызыорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында күн ыстық болады.

Республиканың оңтүстігінде, орталығы мен оңтүстік-шығысының кейбір жерлерінде төтенше жоғары өрт қауіптілігі сақталады.

Жақын үш тәулікте республиканың оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығысындағы таулы өзендерде су деңгейінің ауытқулары күтіледі.