АСТАНА. KAZINRORM — Түнгі және таңертеңгі уақытта Ақмола, Абай, Алматы, Павлодар, Қарағанды, Жетісу, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында қар аралас жаңбыр мен қар жауып, кей жерлерде көктайғақ болады. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» баспасөз қызметі синоптиктердің болжамына сүйеніп хабарлады.
Ұлттық компания жүргізушілерге жолда мұқият болып, жылдамдықты асырмауға және көліктер арасындағы қауіпсіз арақашықтықты сақтауға кеңес берді. Сонымен бірге сапар бағытын алдын ала жоспарлап, аса қажеттілік болмаса, жолға шықпаған жөн.
Жол қызметі көлік дөңгелектерінің жай-күйіне де назар аударуға үндеді. Жазғы шиналармен көктайғақта жүру көлікті басқаруды қиындатып, жол-көлік оқиғасының қаупін арттырады.
— Жол қызметі тәулік бойы жұмыс істейді, сондай-ақ жолдардың жай-күйі мен ауа райы туралы өзекті ақпаратты 1403 байланыс орталығынан біле аласыз, — делінген хабарламада.
Еске салайық, мұның алдында 22 қазанда Қазақстанның қандай жолдарында шектеу бар екенін жазғанбыз.
Мейірман Лес
Еуразия ұлттық және Қазақ ұлттық университеттерін бітірген. Республикалық "Ұлан" газетінде, Baribar.kz, Holanews.kz, Zakon.kz, Tengrinews.kz, Massaget.kz, Ulysmedia.kz порталдарында журналист, продюсер, шығарушы/шеф/бас редактор қызметтерін атқарған. 2025-2026 жылдары Kazinform агенттігінің Алматыдағы меншікті тілшісі болып еңбек етті, қазір қазақ редакциясының шығарушы редакторы.