— Қарыз жүктемесіне тоқталсақ, қазір мемлекеттік қарыз көлемі 38,8 трлн теңгені немесе жалпы ішкі өнімнің 20,2%-ын құрады. Бізде белгіленген шекті көрсеткіш бар, ол 32%-ға тең. Біз 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын стресс-тест жүргіздік және оның нәтижесінде қарыз деңгейінің ЖІӨ-ге шаққанда 25%-дан аспайтыны көрсетілген. Демек, біз бекітілген параметрлер аясынан шықпаймыз, — деді Мәди Такиев Құрылтайда өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, бюджет тапшылығын азайту үшін кіріс көздерінен түсетін қаражатты ұлғайту қажет.
— Қазіргі уақытта осы кірістер бойынша белгіленген жоспарды орындап келеміз. Былтырмен салыстырғанда осы жылдың алғашқы тоғыз айындағы түсімдер плюс 130%-ды құрады. Дегенмен, бұл әлі де жеткіліксіз. Жыл соңына қарай жылдық жоспарды толық орындаймыз деп сенемін, — деді министр.
Сонымен қатар ол бюджет тапшылығы мәселесіне тоқтала келе, оны қазіргі 2,5%-дан 2029 жылға қарай ЖІӨ-нің 0,4%-ына дейін қысқарту жоспары бар екенін айтты.
Еске салсақ, былтыр желтоқсан айында Қаржы министрі мемлекеттік қарыз 35 трлн теңгеге жеткенін айтты.