Елдің оңтүстігінде электр энергиясына шектеулер енгізілетіні рас па

Фото: ҚР ҰЭМ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның оңтүстік өңірінде электр энергиясына шектеулер енгізіледі деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, деп хабарлайды Энергетика министрлігі.

Министрлік кейбір әлеуметтік желіде тараған елдің оңтүстік өңірлерінде электр энергиясын шектеуге дайындық жүргізіліп жатыр деген ақпараттың ешқандай негізі жоқ екенін ресми түрде мәлімдейді. Ведомство азаматтар мен БАҚ өкілдерін тек ресми дереккөздерге сенуге шақырады.

— Қазіргі таңда Қазақстанның оңтүстік облыстарындағы тұтынушыларды электрмен жабдықтау жағдайы толықтай тұрақты деп бағаланады. Электр энергиясын жеткізу қалыпты режимде жүзеге асырылып, халықтың да, өнеркәсіптік кәсіпорындардың да барлық қажеттіліктерін толық қамтып отыр. Елдің бірыңғай электр энергетикалық жүйесі ешқандай ақаусыз жұмыс істеп жатыр. Энергетика министрлігі республика бойынша электр энергиясын өндіру мен тұтыну теңгерімін тұрақты бақылауда ұстайды. Барлық өндіретін және жеткізуші компаниялар бекітілген кестелер аясында жұмыс істеп, энергожүйенің сенімділігін қамтамасыз етуде, — деп атап өтті ведомство.

Осыған байланысты Энергетика министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарына, блогерлерге және онлайн-қоғамдастықтардың әкімшілеріне ақпаратты таратуға жауапкершілікпен қарауға, фактілерді мұқият тексеруге және азаматтарды жаңылыстырмау үшін тек ресми деректерді пайдалануға шақырады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Энергетика министрлігі елімізді АИ-95 маркалы бензинмен қамтамасыз ету мәселесін бақылауда ұстап отыр.