АСТАНА. ҚазАқпарат – Ташкент қаласында дзюдодан өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Елдос Сметов қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұған дейін спорттық жолында басқа атақтарын айтпағанда, екі дүркін олимпиада жүлдегері, әлем чемпионы атанған Елдос 60 келіге дейінгі салмақта қола жүлде үшін бәсекеде өзбекстандық Дильшодбек Баратовпен татамиге шықты.
Тартысты белдесуде қосымша уақытта әдіс қолданып, вазари ұпайын алған Елдос жеңіске жетті.
Осылайша, жарыстың алғашқы күні Елдос Сметов Қазақстан қоржынына екінші медальді салды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын дзюдодан әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасы анықталғанын жазған болатынбыз.
Әбиба Абужақынова қазақ қыздары арасынан алғаш рет әлем чемпионатының жүлдегері атанды.
Фото: olympic.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).