Елдос Сметов бастаған дзюдошылар Будапеште өтетін masters турнирінде бақ сынайды

АСТАНА. ҚазАқпарат – 4-6 тамыз аралығында Мажарстан астанасы Будапеште дзюдодан masters турнирі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спортты дамыту дирекциясынан мәлім еткеніндей, бұл олимпиада мен әлем чемпионатынан кейінгі сатыдағы жарыс болып есептеледі. Сондықтан, оған әр салмақтағы үздік 36 татами шебері ғана қатыса алады.

Мұнда әр салмақта топ жарған спортшыға 1 800 рейтингілік ұпай беріледі. Демек, Париж олимпиадасының жолдамасы жартылай қалтада деген сөз.

Қазақстан намысын 10 ер, 4 әйел спортшы қорғайды.

Ұлттық құрама тізімі:

Ерлер: Елдос Сметов (60 кг), Мағжан Шамшадин (60 кг), Нұрқанат Серікбаев (60 кг), Ғұсман Қырғызбаев (66 кг), Жансай Смағұлов (73 кг), Данияр Шамшаев (73 кг), Абылайхан Жұбаназар (81 кг), Дидар Хамза (90 кг), Нұрлыхан Шархан (100 кг), Ғалымжан Қырықбай ( 100 кг).

Əйелдер: Ғалия Тынбаева (48 кг), Аруна Жангельдина (78 кг), Камила Берліқаш ( 78 кг), Ақерке Рамазанова ( 78 кг).

Айтулы додада барлығы 56 елден келген 422 дзюдошы күш сынасады.