НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Елдос Сметов Будапеште дзюдодан өтіп жатқан Гран-при турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарыстың алғашқы күні қазақстандық дзюдошылар Елдос Сметов (-60 кг) пен Елдос Жұмақанов (-66 кг) финалға дейін қарсылас шақ келтірген жоқ.
Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Е.Сметов жартылай финалда Нидерланды елінің өкілі Торнике Цжакадоеаны ұтты. Ал Е.Жұмақанов испаниялық Гайтеро Мартин Альбертоны уақытынан бұрын, таза жеңді.
Қос қазақстандық спортшының финалдағы қарсыластары моңғол балуандары еді. Е.Сметов соңғы бәсекеде қарсыласын ұтып, алтын алды. Е.Жұмақанов сәл кейін татамиге шығады.
Аталмыш додаға әлемнің 82 елінен 550-ге жуық дзюдошы қатысуда. Қазақстаннан 16 спортшы барса, соның 12-сі - ерлер.
Әйелдер арасында қазақстандықтар Анна Казюлина (-52 кг) мен Севара Нишанбаева (-57 кг) жарыс жолынан ерте шығып қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елдос Сметов бастаған дзюдошылардың Будапешт турнирінде бақ сынайтынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).