Циндаодағы турнир Елдос Сметов үшін екі жылдық үзілістен және Париж Олимпиадасындағы жеңістен кейінгі алғашқы ресми халықаралық жарыс болады.
Бұған дейін ол мамыр айының басында Астанада өткен Grand Slam турнирінде «Golden Fight» аясында қысқа көрсетілім белдесуін өткізген еді.
– Олимпиада чемпионы Париж Олимпиадасынан кейінгі екі жылдық үзілістен соң Қытайдағы Гран-при турнирінде татамиге қайта оралады. Қазіргі таңда оның ең мықты қарсыластары Валадье-Пикар мен Ицхак Ашпиц, – деп хабарлайды дереккөз.
Ромен Валадье-Пикар 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі Франция құрамасының көшбасшыларының бірі саналады. Ол 2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері және 2023 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері.
Ал Ицхак Ашпиц – Израиль құрамасының 2028 жылғы Олимпиада алдындағы болашақ көшбасшыларының бірі саналатын 18 жастағы спортшы. Оның басты жетістіктері қатарында Grand Slam турнирінің алтыны, 2026 жылы Тбилисиде өткен ересектер арасындағы Еуропа чемпионатының қоласы және 2023 жылғы кадеттер арасындағы әлем чемпионатындағы жеңісі бар.
Дзюдодан әлемдік Гран-при кезеңі Қытайдың Циндао қаласында 26-28 маусым аралығында өтеді.
Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) Елдос Сметовтің 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қатысатынын ресми түрде растады. Қазақстандық спортшы турнирді жетінші нөмірлі спортшы ретінде бастайды.
Айта кетейік, ұзақ уақыт үзілістен кейін татамиге қайта оралған Елдос Сметов басты мақсаты екі дүркін Олимпиада чемпионы болу екенін айтты.