АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылғы Париж Олимпиадасында дзюдодан чемпион атанған Елдос Сметов енді төрт жылдан кейін Лос-Анжелесте өтетін дүбірлі додаға дайындалатынын айтты.
«Осы уақытқа дейін Олимпиада алтынын алып, спорттағы карьерамды аяқтағым келді. Алайда Демеу Жадыраев 34 жасында Олимпиада ойындарында күміс медаль алғаннан кейін ойым өзгерді. Демеу мүмкін емес дүние жоғын дәлелдеді. Лос-Анжелесте өтетін Олимпиадаға дайындалып, көк туымызды тағы да биікке көтергім келеді», - дейді Елдос Сметов ұлттық арнаның эфирінде.
Айта кетсек, ол бұдан бұрын мансабын аяқтау жөнінде әлі шешім қабылдамағанын айтқан еді.
Париж Олимпиадасында Елдос Сметов финалда Елдос Сметов татами иесі, франциялық Лука Мхидзені жеңді. Жартылай финалда Елдос әлем әрі Еуропа чемпионы, испаниялық Франсиско Гарригосты ұтты.
Елдос Сметов бұдан бұрын Олимпиадада 2016 жылы Рио де Жанейрода күміс, 2020 жылғы Токиода қола медаль жеңіп алды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.