АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық Елдос Сметов Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындарының чемпионы атанғаннан кейін Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) әлемдік рейтингісінде ТОП-5-ке кірді.
Осыған дейін Е.Сметов 22-орында болса, жаңартылған рейтингіде бірден 17 сатыға жоғары көтерілді.
Тайбэйлік Ян Юнвэй көш бастаса, Париждегі Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, франциялық Лука Мхеидзе екінші, грузиялық Георгий Сардалашвили үшінші, испаниялық Франсиско Гарригос төртінші орында.
Елдос Сметов Олимпиада ойындарында алғашқы бестікке кірген Ян Юнвейді ширек финалда, Франсиско Гарригосты жартылай финалда, Лука Мхеидзені соңғы бәсекеде тізе бүктірді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елдос Сметовке жерлестері Lexus 600 көлігі мен 5 бөлмелі пәтер сыйлағанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).