«Өздеріңіз білетіндей, Елдос Сметов Ташкент қаласында күрескен уақытта жарақат алған болатын. Кейін жылдың аяғында Мастерс турнирінде күрескенде қайта жарақат алды. Биылдан бастап федерацияның қолдауымен Елдос Сметов ем алып жатыр. Бұған дейін Парижде, қазір елімізде емделіп жатыр. Ол жеке жоспары бойынша Алматыда дайындалып жатыр. Көпшілік «Елдос неге күреспейді?» деп сұрап жатыр. Ол бұл жарысқа қатыспағанымен, құрамамен бірге. Ол тамыз айында өтетін Мастерс турниріне дайындалып жатыр», - деп тоқталды Асхат Жіткеев.
Федерациясының бас хатшысы Елдос Сметов келер жылы Парижде өтетін олимпиада ойындарына қатысып, чемпион атануы мүмкін деп болжам жасады.
Еске салайық, бірер күн бұрын «Qazaqstan Barysy Grand Slam» жарысында Қазақстан құрамасының атынан өнер көрсететін спортшылардың тізімі жарияланды. Олардың арасында олимпиада ойындарының екі мәрте жүлдегері Елдос Сметов жоқ. Осыған байланысты спортшының жанкүйерлері оның бұл сайысқа қатыспауына қатысты түрлі пікір айта бастаған еді.
Қоса кетсек, 16-18 маусым аралығында Астанада дзюдодан «Qazaqstan Barysy Grand Slam» турнирі өтеді.