Бұл туралы бүгін Астанада өткен энергетикалық саланы дамыту перспективасына арналған кеңесте вице-премьер- индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, бұл ретте ең алдымен бірінші кезектегі нормативтік-құқықтық актілер мен техникалық регламенттерді әзірлеу жөніндегі шараларды қабылдау қажет. «Әзірге республикамызда электр энергетикасы саласындағы құқықтық қатынастарды реттейтін бірде-бір техникалық регламент жоқ, қолда бар нормативтік-құқықтық актілер келесі жылдан бастап жойылатын болады, өйткені қазіргі күнде бұл құжаттар министрліктің бұйрықтарымен бекітілген және ұсынымдық сипаты ғана бар. Бұлардың бір бөлігі жойылды, ал қалған бөлігі - 50-ден астам құжат «Жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі бірқатар заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға және «Әкімшілік процедуралар туралы» заңның 1-ші бөлімінің 32-ші тармағына сәйкес, жойылатын болады. Себебі, 2011 жылғы қаңтардың 1-нен бастап электр энергетикасы саласындағы субьектілерге талаптар Үкіметтің қаулысымен бекітілген нормативтік-құқықтық актілердің негізінде ғана қойылатын болады», деді Ә. Исекешев.
Оның айтуынша, бұл үшін жобалаушы-зерттеуші және ізденуші институттардың әлеуеті жетерлік. Бұл салада 5-6 институт нақты жұмыс істеуде, сондай-ақ Қазақстанның индустриясын дамыту институтын құру туралы шешім қабылданған, бұл институттың құрылымында электр энергетикасын дамыту мәселелерімен шұғылданатын бөлімше құрылады.