Электр энергетикасында мамандарға сұраныс қаншалықты артады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандағы энергетика саласында білікті мамандарға жоғары сұраныс бар. Бұл туралы Kazakhstan Energy Week — 2025 және XVI Еуразиялық KAZENERGY форумында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Тәжібаев мәлім етті.
Оның айтуынша, қазір елімізде шамамен 9,3 млн адам жұмыспен қамтылған, олардың басым бөлігі өнеркәсіп, қызмет көрсету және сауда салаларында жұмыс істейді. Бұдан бөлек, энергетика саласындағы жұмысшылардың орташа жасы 40-тың шамасында, олардың үштен бір бөлігі 34 жастан төмен.
- Алдын ала есептеулерге сәйкес, 2030 жылға қарай экономикаға қосымша 1,5 миллион маман қажет болады, оның 68 мыңға жуығы электр энергетикасына, атом және мұнай-газ секторларына керек, - деді Н. Тәжібаев.
Ол қазірдің өзінде салада 2 мыңнан астам бос жұмыс орны бар екенін, бұл жағдайға байланысты мамандарға деген сұраныстың жоғары екенін атап өтті. Ең үлкен сұраныс диспетчер, инженер, энергетик және электр энергиясымен қамтамасыз ету бақылаушысы мамандықтарына қатысты.
- Жаһандық үрдісті ескере отырып, болашақтың мамандықтары ерекше перспективалы саналады, яғни жаңартылатын энергия инженерлерін, энергетика саласындағы дата-аналитиктерді, сутегі энергетикасы бойынша сарапшыларды атап өткен жөн, - деді комитет өкілі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгінгі форумда Үкімет басшысы Олжас Бектенов Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі полимер өндіруші елге айналатынын айтты.