Еске салайық, комитетте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған болатын.
Мемлекет басшысының бес институционалдық реформасы аясындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға бағытталған заң жобасы еліміздегі электр энергетикасы саласын жетілдіруге бағытталады.
«Заң жобасына сәйкес, елімізде біртұтас электр энергетикалық жүйесінің жүктеме көтеруге әзірлігін қолдау үшін бірыңғай сатып алушы құрылатыны көзделеді. Сонымен қатар электр энергиясының орталықтандырылған импорты мен экспортын жүзеге асыру үшін Ұлттық оператор институты енгізілмек», - деді вице-министр.
Бұдан бөлек, заң жобасында саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында электр энергетикасы саласындағы тариф саясатын өзгерту ұсынылады. Айта кетерлігі, заң жобасы аясында электр энергиясы нарығының айқындылығы мен тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін Нарық кеңесін құру қарастырылады.
Тұтастай алғанда, заң жобасы энергия өндіруші ұйымдар үшін инвестицияларды қайтарудың ұзақмерзімді кепілдіктерін қамтамасыз етуге жағдайлар жасамақ. Талқылаудан соң сенаторлар құжатты палатаның жалпы отырысына шығару туралы шешім қабылдады.