Электр энергиясын бірыңғай сатып алушыны енгізу тарифтің көтерілуіне себеп болмайды - С.Есімханов

АСТАНА.ҚазАқпарат - Электр энергиясын бірыңғай сатып алушыны енгізу тарифтің көтерілуіне себеп болмайды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Энергетика министрлігі Атом және энергетикалық қадағалау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімханов мәлім етті.

«Заңнамалық тұрғыда ол 2016 жылдан енгізіледі. Сондықтан да қауымдастықтың ұстанымы тарифтердің көтерілуіне әкеледі деген ақпарат біршама дұрыс емес. Біз мұны барлық деңгейде талқыладық. Сондықтан да, бұл тарифтің көтерілуін әкеледі деуге болмады. Өйткені, заңнамаға сәйкес шекті тарифтер белгіленетін болады және керісінше сауда-саттықты төмендетеді»,- деп түсіндірді ол. Оның айтуынша, қазіргі уақытта республикалық энергия жүйесі айтарлықтай жаңартылған және электр стансаларының қуаты шамамен 17 мыңМВт-ты құрайды. Ал еліміз оның 13,5-14 мың МВт-ын ғана пайдаланады. Энергияның профициті болған кезде тарифтердің көтерілуі мүмкін емес. Өйткені, профицит бәсекелестікті ынталандырып, тарифтің тұрақталуына септігін тигізеді.